Иран ғалымдарымен кездесу
(last modified Sun, 04 May 2025 10:57:53 GMT )
Maм 04, 2025 16:57 Asia/Almaty
  • Иран ғалымдарымен кездесу

2025 жылғы 2 мамырда әл-Фараби ҚазҰУ Шығыстану факультетіне Алламе Табатабаи университетінің ғылыми істер жөніндегі проректоры Мандана Тишеяр ханым мен Иран ұлттық кітапханасы директорының орынбасары Мортаза Нури мырза ресми сапармен келді.

Ирандық ғалымдар Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының профессор-оқытушыларымен кездесті. Кездесу барысында барысында екі елдің мәдени және ғылыми байланыстарын нығайту, сондай-ақ білім мен ғылым саласындағы өзара ынтымақтастықты арттыру мәселелері талқыланды. Екі университет арасында ғылыми зерттеулер және мәдени жобалар бойынша бірлескен жұмыстарды дамыту жолдары да қарастырылды. Мандана Тишеяр ханым аталған кездесу екі тарап үшін маңызды екенін және ғылым мен мәдениеттің дамуына қосар үлесі зор болатынын атап өтті. Сонымен қатар, ол ҚазҰУ мен Табатабаи университеті бірлесіп шығаратын жаңа ғылыми-танымдық журнал «Наурыз» туралы кеңінен баяндады. Бұл журнал гуманитарлық бағыттағы зерттеулерді біріктіру мақсатында екі университеттің ғалымдары мен өзге жоғары оқу орындарының зерттеушілерінің мақалаларын жариялауды жоспарлап отыр. Журналдың ерекшелігі, оның екі тілде – қазақ және парсы тілдерінде шығарылуы, бұл екі ел арасындағы мәдени және ғылыми ынтымақтастықты тереңдете түсуге мүмкіндік береді.

М.Нури мырза Иран Ұлттық кітапханасы туралы арнайы презентация жасап, кітапхананың бай тарихы мен кең көлемді кітап қорын таныстырды. Сонымен қатар, ол кітапхананың цифрлық мүмкіндіктері мен заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды атап өтті. Өз сөзінде М.Нури мырза Иранның Ұлттық кітапханасының Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасына қатысты ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету үшін қажетті парсы тіліндегі кітаптар мен басылымдарды ұсынуға дайын екендігін білдірді. Бұл ұсыныс кафедраның зерттеу жұмыстарын қолдап, студенттер мен оқытушылар үшін жаңа ғылыми материалдарға қолжетімділік береді.

Кездесу өте жылы әрі мазмұнды өтті. Қос тарап болашақта бірлескен ғылыми жобалар мен мәдени іс-шараларды ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу және кітап қорларын толықтыру сияқты көптеген бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдірді.

 

Дайындаған: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, шығыстану факультетінің аға оқытушысы Гүлбақыт Қализатқызы Құдайбергенова