Теһран жұма намазының құтпалары
Теһран жұма намазының құтпагері "Иран Ислам Республикасының жүйесі АҚШ-тың "Ортақ қадам" бағдарламасына қатысты міндеттерін бұзуына кесімді әрі жойқын түрде жауап береді" деді.
Аятолла Ахмад Хатами Теһранның осы аптадағы жұма намазының құтпаларында АҚШ Конгресінің Иранға қарсы 10 жылдық санкцияларды ұзарту әрекетін әлемдік келісім саналатын "Ортақ қадам" бағдарламасын айқын түрде бұзушылық деп атап: "АҚШ-тың Иран мен "алтылық" топ арасындағы келісімді бұзуы ол елдің халықаралық сахнадағы өз міндеттеріне берік емес екендігін көрсетті" деді.
Теһран жұма намазының имамы АҚШ президенті Барак Обамаға егер сионистік лоббилердің ықпалына түсіп, санкцияларды ұзартуға қатысты АҚШ Конгресінің оң дауыс беруімен келісетін болса, тарихта өз есімін қаралайтынын ескертті.
Аятолла Хатами сонымен қатар Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мейдің сәрсенбі күні Манамада өткен Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесінің отырысында Лондонның араб елдерімен Иранға қарсы одақтасатыны туралы сөздеріне реакция ретінде: "Ұлыбритания осы уақытқа дейін Исламмен күресу және исламдық елдердің арасына іріткі салуға талпыныс жасаудан аянып қалған емес" деді.
Теһран жұма намазының құтпагері Ұлбыритания премьер-министрінің негізсіз уәждерін осы елдің Еуропа одағымен қарым-қатынастарындағы шиеленістің салдары деп атап: "Мұндай іс-әрекеттерді жалғастыру Лондон үшін жағдайды күрделендіре түседі. Ислам революциясы жетекшісінің соңынан ерген Иранның біртұтас халқы табандылықпен шетелдік қастандықтардың барлығын жеңеді" деді.