Рухани: Иран аймақта маңызды да сындарлы рөлге ие
Иран Ислам Республикасының президенті Иранның аймақтағы ерекше әрі көрнекті рөлін баса айтып: «Бүгінде көптеген елдер аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылық орнатудағы ИИР-дың маңызды рөлін мойындайды»,- деді.
Иран Телерадио бірлестігінің хабарлауы бойынша, Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Рухани жексенбі күні кешке тікелей эфирдегі телесұхбатында Иранның аймақта ең алдымен қауіпсіздік пен тұрақтылықты орнатуға ұмтылатынын айтып: «Егер аймақтағы елдер даму мен өркендеуді мақсат етсе, тұрақтылық пен қауіпсіздік оның жалғыз жолы болып табылады»,- деп мәлімдеді.
Рухани лаңкестікпен күресті Иранның аймақтағы екінші мақсаты деп атап: «Иран Ислам Республикасы лаңкестікпен күресте көмекті қажет ететін кез-келген елге көмектеседі»,- деді.
Сонымен қатар, ИИР президенті аймақтағы географиялық шекараларды өзгертпеу мәселесін де Иранның алға қойған мақсаттарының бірі деп атап: «Кейбір елдер Сирия, Ирак және Йемен жерлерін бөлшектеуді көздеген еді. Алайда Иран жалпы географиялық шекараларға өзгеріс енгізуге үзілді-кесілді қарсы. Сондықтан, бұл мәселені шешу үшін табандылық пен қарсыласудың және дипломатияның рөлі ерекше»,- деп баса айтты.
Рухани Иран, Ресей және Түркияның Сирия дағдарысына қатысты үш жақты ынтымақтастығына сілтеме жасап: «Сирия дағдарысын шешуде Теһран, Мәскеу және Анкара жақсы әрі нәтижелі әрекеттерге барды. Ал Астанада өтетін басқосу барысында аймақтық дипломатия саласында үлкен табысқа жететіндігімізге үміттенемін»,- деді.
Сондай-ақ Рухани Сирияда атысты тоқтату бітіміне қол жеткізуде жасалған талпыныстардың Иранға ешқандай қатысы жоқ деген уәждерге жауап беріп: «Иран лаңкестікпен күрес және Сирия дағдарысын шешу мәселелерінде өте маңызды рөлге ие» деп мәлімдеді.