Ғасеми: Түркия қайраткерлерінің сындарсыз сөздері Сирия жағдайының күрделене түсуіне себеп болады
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлының жуырдағы сөздеріне реакция білдіріп: «Түркия қайраткерлерінің сындарсыз сөздері тек Сирия жағдайының күрделене түсіп, бұл елдің дағдарысын саяси жолмен шешу жолында қиындықтардың көбеюіне себеп болады»,-деді.
ИИР Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Бахрам Ғасеми сәрсенбі күні: «ИИР Мәскеудің үшжақты үдерісінің серіктесі ретінде осы келісімдердің байсалды түрде орындалуын қалайды. Түркия қайраткерлерінен осы келісімдердің бір тарабы ретінде қалыптасқан жағдай мен осы елдің міндеттемелеріне қайшы ұстанымдар жарияламауын күтеді.
Сирияда орнаған атысты тоқтату бітімі осы елдің үкіметіне қарсы қарулы топтар тарапынан ұдайы бұзылады. Қолда бар деректер бойынша, қарулы топтардың атысты тоқтату бітімін бұзуы бір күнде 45 реттен артық орын алған. Қажет болған жағдайда осыған қатысты егжей-тегжейлі мәліметті жариялауға болады.
ИИР осы уақытқа дейін Сирияда атысты тоқтату бітімін орнатып, дағдарысты саяси жолмен шешуді жеңілдету үшін жасаған талпыныстары сынды осы саясатын жалғастыра беретін болады»,-деді.
Сейсенбі күні кешке қарулы топтардың (Анкараның қолдауына ие лаңкестердің) атысты тоқтату бітіміне қатысты өз міндеттемелеріне беріктігін айтқан Мевлют Чавушоғлы ИИР-нан Сирия үкіметінің атысты тоқтату бітіміне беріктігін сақтау үшін Дамаскқа қысым жасауды сұрады.