Революцияның мәртебелі жетекшісінің құзырында Һашеми Рафсанджаниге Құран қатым түсірілді
Ислам революциясының мәртебелі жетекшісі аятолла Хаменеидің құзырында имам Хомейни атындағы хосейниеде хазіреттің ескі досы, күрес кезіндегі майдандасы және ислам республикасы кезеңіндегі жақын әріптесі Иранның Жүйе мүддесін анықтау алқасының марқұм төрағасы аятолла Һашеми Рафсанджаниге Құран қатым түсіру рәсімі өтті.
Осы рәсімге аятолла Һашеми Рафсанджанидың отбасы мен туыстары, үштік билік басшылары, мемлекеттік және әскери қайраткерлер мен халықтың түрлі таптарының өкілдері және түрлі елдердің кейбір қайраткерлері қатысты.
Һашеми Рафсанджаниді еске алу рәсімінде қарилар Құран аяттарын оқып, пайғамбар ұрпақтарын мадақтаушылар мақтау өлеңдерін айтты.
Теһран жұма намазының уақытша имамы аятолла Мовахеди Кермани сәрсенбі күні Һашеми Рафсанджаниды еске алу рәсімінде Құдайға сенуді және хақ жолында төзімді болуды Иранның Жүйе мүддесін анықтау алқасының марқұм төрағасының маңызды ерекшеліктері деп атап: «Иран халқы ешқашан Һашеми Рафсанджанидың Пахлави режимі кезіндегі және үстемшілдер майданына қарсы күрестері мен түрлі кезеңдердегі, соның ішінде қасиетті қорғаныс кезеңіндегі, ислам кеңесі мәжілісіндегі, президенттік кезі мен Жүйе мүддесін анықтау алқасын басқарған кезде атқарған қызметтері мен жауапкершіліктерін естен шығармайды» деді.