Рухани: Иран аймақ елдерінің барлығымен қарым-қатынастарды арттыруды көздейді
Иран президенті: "Иран аймақ елдерінің барлығымен қарым-қатынас деңгейін арттыруды көздейді. Теһранның басты мақсаты – көбірек тұрақтылық пен қауіпсіздікке және аймақтағы барлық елдердің дамуына қол жеткізу " деді.
Иран президенті Хасан Рухани сәрсенбі күні таңертең Оман мен Кувейтке жасайтын бір күндік сапарына аттанар алдында тілшілер жиынында Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесі елдерінің Иранмен қарым-қатынастарды кеңейтуді құптайтынына тоқталып: "Кувейт үкіметі Парсы шығанағы жағалауындағы алты ел тарапынан олардың Иранмен қарым-қатынастарды жақсарту, келіспеушіліктерді шешу, келіссөздер арқылы қатынастар деңгейін жоғарылатуға деген ерік-жігерін білдіретін жолдауын Теһранға жіберді" деді.
Рухани Иран саясатының басты өзегін тату көршілестік және исламдық елдермен ынтымақтастық жасау деп атап: "Иран ешуақытта басқа елге басқыншылық, араласушылық, діни немесе саяси наным-сенімдерді таңу туралы ойлаған емес. Парсы шығанағының қауіпсіздігі Иран үшін ерекше маңыздылыққа ие. Бұл аймақтың қауіпсіздігі аймақтық елдері тарапынан қамтамасыз етілуі тиіс. Бөгделердің Парсы шығанағындағы құзыры әрдайым зиян келтірді" деді.
Иранның атқарушы билігінің төрағасы Таяу Шығыс аймағының қазіргі кездегі жағдайына тоқталып: "Бұл сапарда Оман мен Кувейт басшыларымен аймақ жағдайы, соның ішінде Ирак, Сирия мен Йемен туралы келіссөздер өтеді. Себебі бұл екі ел Йемендегі қантөгісті тоқтатуда айтарлықтай рөлге ие" деді.