Грузия Премьер-министрі Теһранда келіссөздер өткізді
ИИР мен Грузияның басшылары екіжақты ынтымақтастықты тереңдету және дамыту мақсатында сенбі күні Теһранда 5 құжат, бір ынтымақтастық меморандумы мен ортақ мәлімдемеге қол қойды.
Бұл құжаттарға Иран мен Грузияның жоғары деңгейлі делегацияларының келіссөздерінен кейін екі ел басшылары тарапынан жасалған ортақ мәлімдемемен бірге қол қойылды. Келіссөздерге Иран Вице-президенті Исхақ Жаһангири мен Грузия Премьер-министрі Георгий Квирикашвили қатысты.
Қазіргі таңда ирандық компаниялар үшін Грузияға инвестиция салу үшін мүмкіндік өте көп. Соның ішінде технология мен егін шаруашылығы саласына инвестиция салуға болады.
Өткен аптада Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф Орта Азия мен Кавказ елдеріне сапары аясында Тбилисиге барған болатын. Зариф Грузияға сапарында транзиттік тасымал, әсіресе Парсы шығанағы – Қара Теңіз дәлізі, өнеркәсіптік қалашықтар салу, екі ел арасында газ тасымалдау саласында әріптестік жасау жөнінде сұхбаттасқан болатын. Иран мен Грузия технология мен өндіріс саласында әріптестік жасап, бір-бірін толықтыра алады. Екі елдің арасында осы уақытқа дейін аса қолданылмаған әлеуеттер өте көп. Сол себепті мемлекеттік және жеке сектордағы бір экономикалық және өндірістік делегация Иран Сыртқы істер министрімен бірге Тбилисиге барды.
Екі ел дипломаттарының назарына алынған маңызды мәселе аймақтық әріптестікке негізделген қарым-қатынасты дамыту болды. Бірнеше жыл бұрын осындай деңгейдегі әріптестіктерге жағдай аса жасалмаған еді. Алайда, бүгінде аймақтағы жағдай белгілі бір мөлшерде өзгерді. Грузияда айналасындағы елдермен байланыс орнатуға көптеген стимулдар мен дәлелдер бар. Соның бірі тарих тұрғысынан Грузияға өте жақын ел – Иран. Бұған қарамастан аймақтағы ең күрделі жағдай осы Оңтүстік Кавказда қалыптасқан. Осы жағдайдың салдарынан Грузия өзінің айналасындағы елдермен қарым-қатынаста түйткілге ұшырап отыр. Осетия мен Абхазия мәселесі Батыспен байланысты болып отыр. Грузия НАТО-мен ынтымақтастық аясында аймақтық әріптестіктерден айтарлықтай алшақтап кетті. Бұған қарамастан, Иран мен Грузияның қарым-қатынасы саяси-экономикалық және мәдени саланы қамтып отыр. Оның ең маңызды бөлігі – экономика. «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қол қойылған соң Грузия Иран басшыларымен жоғары деңгейде кездесуге ынта танытты. Грузия Премьер-министрінің сапары да осыған орай жүзеге асырылды. Қазіргі кезде аймақтағы бірнеше маңызды элемент экономикалық тұрғыдан Иран мен Грузияны бір-бірімен байланыстыра алады. Соның бірі – транзит, әсіресе тауар транзиті. Аймақ үшін іске қосылғаны маңызды болатын бағыттардың бірі – Иранның Әзірбайжан республикасы мен Грузия арқылы Қара теңізге шығатын жолы. Иранның басым бағдары аймақтағы бірнеше ел үшін табысты да тартымды экономикалық бағыттарды қалыптастыру болып отыр. Осыған орай Парсы шығанағы-Қара теңіз байланыс жолы жүзеге асқан жағдайда аймақ елдері бір-біріне жақындай түсетін және тауар тасымалының бағасы төмендейтін жоба болып отыр. Мұнымен қоса, Грузияда аймақтағы ең мықты шығыстану және ирантану кафедраларының барын айта кету керек. Грузия халқы ерте замандардан бері ирандықтармен тығыз байланыста.