Иранда президенттік сайлау үміткерлерінің үгіт-насихат жұмыстары жалғасуда
Экономикалық дағдарыстан шығудың шешім жолы мен жұмыссыздық тақырыбы Ирандағы президенттік сайлаудағы алты үміткердің үгіт-насихат жұмыстарының ұраны болып отыр.
Хасан Рухани Теһранда өзінің үгіт-насихат науқаны барысындағы кездесуінде қазіргі күрделі кезеңде Иран халқының тағдыры шешілетінін баяндап: «Егер барлық халық дауыс беру орындарына келсе, сайлауларда табыс пен жеңіске жететіндігіміз даусыз. Қоғамда шынайы қауіпсіздікті бірлік және ынтымақ арқылы жүзеге асыруға болады» деді.
Мұстафа Аға Мирсалим де қазіргі қиыншылықтарды бірліктің арқасында шешуге үміт білдірді. Мирсалим тағы да жұмыссыздық мәселесіне сілтеме жасап: ««Қарсыласу экономикасы» саясаты елдегі экономикалық қиыншылықтарды шешудің ең үздік шешім жолы болып табылады» деді.
Ибрахим Райси Садат бөгделердің қолына қараумен елдегі қиыншылықтарды шешуге болмайтынын айтып, елдегі қиыншылықтардың себебін қаржы тапшылығы, мүмкіндіктер, су және қорлардың жетіспеушілігі емес, негізгі мәселені атқарушылық және экономикалық басқарушылықтың әлсіздігі деп атады.
Исхақ Жаһангири сайлауларды «Иран саясатының көктемі» деп атап: «Шетелдегі ирандықтар үлкен байлық әрі ирандық мәдениет пен өркениеттің өкілдері ретінде экономикалық үлкен жұмыстарды атқара алады» деді.
Мұхаммад Бағер Ғалибаф та өзінің Теһран қаласы әкімшілігін 12 жыл басқаруы кезінде тындырған істерін қорғап: «Осы мерзімде Теһран қаласының солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы алшақтық азайды» деді. Ғалибаф сондай-ақ исламдық қоғам құру және исламдық үкіметті жүзеге асыруды екі негізгі қадам деп атады.
Мұстафа Һашеми Таба да қарсыласу экономикасын жүзеге асырып, өндіріс, экспорт және туризммен он жылдың ішінде экономиканы гүлдендіріп, халық пен үкіметтің табысын арттыруға болатынын мәлімдеді.