ИИР-ның зымырандық күш-қабілеті талқылауға жатпайды
(last modified Wed, 19 Jul 2017 10:06:15 GMT )
Шіл 19, 2017 16:06 Asia/Almaty
  • ИИР-ның зымырандық күш-қабілеті талқылауға жатпайды

Иран Қарулы күштері бас штабының қолбасшысы ИИР-ның зымырандық күш-қабілетін қорғаныстық сипатта жəне талқылауға жатпайды деп санайды.

Дивизия генералы сардар Мұхаммад Бағери дүйсенбі күні Ислам революциясы Сақшылар корпусының құрлық күштері қолбасшыларының форумында осы жайтты қуаттап: "Иран қорғаныс саласында күш-қабілет пен əлеуетті арттыруға көңіл бөлу арқылы өз шекараларын жан салып қорғаумен қатар, қарсыласу өзегіндегі елдерге тəкфирлік лаңкестермен күресте көмектесіп, өз халқына үлгі боларлықтай қауіпсіздік тудырды",-деді.

Иранның зымырандық күш-қуаты қазіргі таңда стратегиялық қабілеттерге ие қорғаныс құрылымына айналып, ИИР құдіреті тіректерінің бірі саналады. Иран тежегіш қабілет тұрғысынан, тіпті басқыншылық қабілет тұрғысынан да аймақты тынышсыздандыратын ағымдарға қарсы тұру əлеуетіне ие. Иран кез келген қоқан-лоққыға бар пəрменімен жауап беретінін іс жүзінде дəлелдеді. 7 маусымда Теһранда болған лаңкестік шабуылдар осы саладағы емтихандардың бірі болды. Бұл шабуылдар қауіпсіздік қатерлеріне қарсы Иранның тежегіш қуатын түйткілге ұшырату мақсатымен жобаланған еді. Алайда Ислам революциясы Сақшылар корпусының пəрменді жауабы мен Иран шекарасынан 650 км қашықтықтағы Сирияның Дейр уз-Зорында  орналасқан ДАИШ-тың осы қастандықты жобалаған негізгі орталықтарының бірін зымыранмен нысанаға алуы дұшпанның жоспарын бұзды. Бұл шара ИИР-ның қауіпсіздік саласында ешкімнің көңіліне қарамайтынын айқын көрсетті. Қауіпсіздік Иранның қызыл сызығы саналады.

Иранның зымарандық қорғанысқа дайындығының маңыздылығы АҚШ пен аймақ елдерінің осы өңір мен Иранның тыныштығы мен тұрақтылығын бұзу үшін жасап жатқан жоспарлары мен мақсаттарына шолу жасағанда айқындала түседі. АҚШ өткен онжылдық барысында іс жүзінде Иранмен қауіпсіздік саласындағы текетіреске аяқ басып, Сауд Арабиясының қолымен аймақта, əсіресе Сирия, Ирак пен Йеменде соғыс жүргізу арқылы Иранның айналасында тынышсыздық қалыптастырып, Иранның аймақтағы ұжымдық тұрақтылықты сақтаудағы рөліне күмəн тудыруға күш салды. Алайда АҚШ бұл стратегияда сəттілікке қол жеткізе алмады, өйткені Иранның Сирия мен Ирак өзгерістеріндегі əсерлі рөлі бұл елдің аймақтық теңгерімде жоғары позицияда тұрғанын дəлелдеді. Тіпті АҚШ басшылары мен сарапшылары Иранның аймақта даусыз құдіретке айналғанын мойындады.

Əлемнің ірі алпауыттарының саясаттары мен қатынастарын сараптаумен айналысатын АҚШ-тағы Хадсон институты өз сараптамасында құдіретті Иранды АҚШ, Қытай, Ресей, Жапония, Германия, Үндістан мен Сауд Арабиясы сияқты жеті елдің жанында әлемде жаңадан пайда болған сегізінші ірі держава деп таныстырды. Бұл көзқарас Ираннан үркіту және Иранның аймаққа ықпалын қатер деп көрсету жобасы аясында айтылса да, ИИР-ның АҚШ-тың аймақтағы сұркия мақсаттары, шектен тыс талап етушіліктері мен басқыншылықтарына тосқауыл саналады деген мағынаны білдіреді. Сол себепті АҚШ Иранның құдіретті болуын қаламайды.

Иран тайпалық көзқарастардан тысқары өз күшін әрдайым аймақтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында қолданғанын және басқа елдерде тынышсыздық орнатудың орнына оларға басқыншылық, экстремизм мен терроризмге қарсы тұруға көмектескенін көрсетті.

Иранның аймақтық дағдарыстарды ауыздықтаудағы теңдессіз сәттіліктері мен қорғаныстық жоғары қабілеті АҚШ-тың аймақтық  жоспарларында ескеріліп отыратыны анық. Алайда АҚШ-тың Иранның зымырандық қабілеті туралы есебінің қателігі «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы мен ядролық келісімді Иранды зымырандық күш-қуат саласында тізе бүктіріп, принципті ұстанымынан тайдыру үшін пайдалануға болады деп ойлағандығында жатыр.