Канада Премьер-министрінің Иранмен қарым-қатынасты жақсартуға ынта танытуына жауап берілді
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы: «Канада үкіметі ішкі іске араласпау, құрмет көрсету және өзара мүдделерді сақтауға негізделген тең қарым-қатынас орнатуды көздейтінін іс жүзінде көрсетуі тиіс»,-деп мәлімдеді.
ИИР Телерадио бірлестігі ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Садық Хосейн Джабер Ансари сәрсенбі күні Канаданың жаңа Премьер-министрі Джастин Трюдоның «Хаффингтон» газетіне берген сұхбатында Иранмен қарым-қатынасты жақсартуға ынта танытып, Теһранда Канаданың елшілігін ашу туралы айтқан сөздеріне тоқталып: «Канаданың жаңа үкіметі басынан-ақ аймақтық және халықаралық қатынастар жөніндегі позициясында бұрынғы үкіметтен басқаша саясат пен қатынас ұстануды қалайтынын көрсетті.
Егер бұл жаңа ұстаным аймақтық және халықаралық мәселелерде, басқа елдермен екіжақты қарым-қатынаста реалистік көзқарасқа ие болса, оның болашағына үміттенуге болады. Иран мұны қолдайды»,-деп баса айтты.
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы, сондай-ақ: «Канада үкіметі ішкі іске араласпау, құрмет көрсету және өзара мүдделерді сақтауға негізделген тең қарым-қатынас орнатуды көздейтінін іс жүзінде көрсетуі тиіс»,-деді.