Иран бүкіл әлеуетімен зымырандық бағдарламасын жалғастырады
(last modified Sat, 29 Jul 2017 17:36:03 GMT )
Шіл 29, 2017 23:36 Asia/Almaty
  • Иран бүкіл әлеуетімен зымырандық бағдарламасын жалғастырады

Иран СІМ-нің ақпарат хатшысы Ғасеми: «Теһран өзін АҚШ-тың қадамдарына тиісті жауап беруге құқылы санап, бар күшімен зымырандық бағдарламасын жалғастырады»,-деді.

АҚШ Өкілдер және Сенат палаталарының өкілдері басым дауыспен Иранға жан-жақты санкция салу жобасын қабылдады. АҚШ Мемлекеттік департаментінің ақпарат хатшысы Хизер Нойерт Иранның "Simorgh" жерсерік тасымалдаушы зымыранының ұшырылғанын  «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасының рухын бұзу деп атады.

ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Баһрам Ғасеми АҚШ-тың Иранға қарсы санкциялар жобасын бекіткен жуырдағы дұшпандық әрекеті жайында: «Иранның әскери және зымырандық мәселелер саласындағы саясаты толығымен айқын. Басқалардың бұған араласуға қақысы жоқ»,-деп мәлімдеді.

Ғасеми Иранның қорғаныс және зымырандық саясатының елді қорғауға және аймақтағы бейбітшілік, тұрақтылық, қауіпсіздікке көмектесуге бағытталғанын айтып: «Иранның зымырандық бағдарламасы көршілер мен басқалар үшін қауіп емес, алайда ол Иранға қарсы агрессиялы ойлардың алдын алуға бағытталған саясат болып табылады»,-деді.

Ғасеми АҚШ-ның Өкілдер және Сенат палаталарының өкілдері қабылдаған қаулының мән-мазмұнын Иранға қарсы бұрын салынған санкциялардың жиынтығы деп атап: «АҚШ-тың бұл шарасы айыпталатын және түсіндіруге келмейтін дұшпандық сипатқа ие. Ол халықаралық келісім ретіндегі «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын әлсірету үшін жасалды»,-деді.