Ғасеми: Ақ үйдің мәлімдемесі АҚШ-тың Сауд Арабиясымен сыбайлас екенін дәлелдейді
ИИР Сыртқы істер министрінің ақпарат хатшысы сенбі күні кешке: "Ақ үйдің жуырдағы мәлімдемесі АҚШ-тың Сауд Арабиясының Йеменге қарсы қылмыста сыбайлас және соған жауапты екенін анық дәлелдейді",-деп қуаттады.
Ақ үй жұма күні кешке Йеменді қоршауға алып, оған басқыншылық жасап жатқанына байланысты Сауд Арабиясына айтылған сын үдеген шақта Иранды Йеменде қалыптасқан гуманитарлық дағдарысқа кінәлі деп көрсетуге талпыныс жасады.
Бахрам Ғасеми Иранға қатысты айтылған айыптарды теріске шығарып: "ИИР Йемен халқының әділет талап еткен дауысын әлем халықтары мен халықаралық қауымдастыққа барынша жеткізуде ешбір талпыныстан аянып қалмайды",-деді.
ИИР Сыртқы істер министрінің ақпарат хатшысы АҚШ-тың Иранға қарсы жалған айыптар жобалау арқылы бұрынғыдай қоғамдық пікір мен халықаралық қауымдастықты саудиялықтардың Йеменге қарсы жасап жатқан антигуманистік қылмыстарынан алдарқатуды көздейтінін айтып: "Вашингтон Сауд Арабиясынан Йемендегі қорғансыз әрі жазықсыз халықты қырып-жойып, әскери емес нысандарды бомбалауды доғаруды сұраудың орнына айуандық қылмыстарды жалғастыру жолында бұл елді қолдайтынын ашық түрде айтып отыр",-деді.