Рухани: Иран Сирияда ел үкіметінің рұқсатынсыз шетелдік күштердің болуына қарсы
ИИР Президенті: "Теһран Сирия жерінде бұл елдің үкіметі мен халқының рұқсатынсыз шетелдік күштердің болуына қарсы",-деп қуаттады.
ИИР Президенті Хасан Рухани сейсенбі күні РФ Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сұхбатында Сирияның солтүстігінде қақтығыстардың жалғасуының ешбір елдің мүддесіне сай еместігін айтып, аймақтағы барлық елдердің Сирияның аумақтық тұтастығы мен егемендігіне құрметпен қарайтындығына үміт білдірді.
Рухани лаңкестікпен күрес және Сирияға тыныштық пен тұрақтылықты қайтару үшін Теһран, Анкара мен Мәскеудің ортақ әріптестігінің маңызды екенін айтып: "Сирия халқының лаңкестермен күрестегі жеңісі баянды болуы үшін бұл әріптестікті жалғастыру қажет",-деді.
ИИР Президенті Теһран-Мәскеу қарым-қатынасын даму үстінде деп атап, екіжақты келісімдерді жылдамырақ орындау қажеттігін қуаттады.
Рухани, сондай-ақ, кейбір елдердің "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына қарсы жасап жатқан бүлдіргі әрекеттеріне тоқталып: "Иран қарсы тарап берік болғанға дейін осы бағдарламада белгіленген өз міндеттемелеріне бұрынғыдай табандылық танытады. Бұл жолда кейбір елдердің аталмыш бағдарламаға қарсы бүлдіргі әрекеттерінің алдын алу қажет",-деді.
ИИР, сондай-ақ, Йемен халқының ауыр жағдайы мен бұл елде бомбалаулардың жалғасып, науқастар санының артқанына тоқталып, Вашингтон мен эр-Риядтың Ираннан Йеменге зымыран жіберілгені туралы айыптауларды негізсіз әрі теріс мақсатта айтылған деп атап: "Мұндай айып тағуға негіз жоқ. Бұл тек Трамп үкіметінің "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын әлсірету үшін жасап отырған шараларын жалғастыруға бағытталған талпыныс",-деп қуаттады.
Владимир Путин де осы телефон арқылы сұхбатта Иран мен "алтылық" елдері арасындағы ядролық келісімді өте маңызды деп атап: "Ресей бұл келісімді әлсіретуге бағытталған кез келген талпынысты аймақ үшін өте зиянды әрі қауіпті деп санайды. Мәскеу бұл ұстанымын өз әріптестеріне тікелей жария етті",-деп баса айтты.
Путин, сондай-ақ, Сирия мәселесіне тоқталып, Сочи отырысының сәттілігін Иран, Ресей мен Түркияның ортақ жетістігі деп атап: "Кейбір трансаймақтық елдердің лаңкестерді қару-жарақпен қамтамасыз етіп, Сирияны бөлшектеуге тырысуы алаңдатады. Бір елдің территориясында қандай да бір әскери күштің болуы сол ел үкіметінің немесе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің рұқсатымен орын алуы тиіс. Кері жағдайда бұл тәуелсіз бір елдің ішкі ісіне ашық түрде араласу саналады",-деді.
Сонымен қатар, РФ Президенті Йемен халқының жағдайын ауыр әрі алаңдатарлық деп атап, барлық елдердің бейбіт шешім жолын табу және бұл елге тыныштық пен қауіпсіздікті қайтару үшін талпыныстарын арттыруы қажеттігін қуаттады.
Путин, сондай-ақ, Иран мен Еуразия экономикалық одағы арасында еркін сауда аймағын құру туралы уақытша келісім жасауға қатысты келіссөздердің қорытындыланғанын хабарла, құжатқа қол қойылғаннан кейін екі тараптың әріптестігінің жаңа кезеңге аяқ басуына үміт білдірді.