Ғасеми: АҚШ аймақтағы соғыс жалынын қайтадан өршітуге талпынуда
Иран Сыртқы істр министрлігінің баспасөз хатшысы ДАИШ сәтсіздікке ұшырағаннан кейінгі жағдайдың АҚШ-ты аймақта жаңа соғыс ашуға итермелеуі мүмкін екендігін мәлімдеді.
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бахрам Ғасеми сейсенбі күні: "АҚШ Президенті Дональд Трамптың ДАИШ-тың жеңілуінен кейінгі алаңдаушылығы мен үмітсіздігі аймақтағы соғыс жалынын қайтадан өршітуіне себеп болуы мүмкін",- деп қуаттады.
Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы америкалық күштердің Сириядағы құзырына тоқталып: "Кейбір америкалық басшылардың сөздері олардың Сирияда қалып, бұл елдегі өз жобаларын іске асыруды көздейтіндігін көрсетеді",- деді.
Бахрам Ғасеми Сирияның солтүстігіндегі Түркияның әскери әрекеттері туралы: "Түркияның бұл араласуы Сирияда орнатылған салыстырмалы қауіпсіздікке қауіп-қатер тудырып, азамат соғысын соқтырады",- деді.
Ғасеми сионистік режимнің қарсыласу шебіне соққы беру әрекеттеріне тоқталып: "Бұл режим мақсаттарына жеткізетін жобаға ие болса, қарсыласу шебі мен аймақ елдеріне қарсы соғысты бастауға күмәнданбайды",- деп баса айтты.