Сардар Резаи: Есірткі заттарымен күресу – Иран полициясының басты міндеті
Иранның Тәртіп сақтау күштерінің шекаралық бөлімінің басшысы есірткі заттарын контрабандалаумен күресуді ИИР полициясының басты міндеті деп атады.
Сардар Ғасем Резаи Теһранда Түркия Жандармериясының бас қолбасшысы Ариф Чатинмен кездесуінде: «ИИР есірткі заттарымен күресудің алғы шебінде орналасып, бұл жолда көп азаматы шәһид болды»,‑деді.
Иранның Тәртіп сақтау күштерінің шекаралық бөлімінің басшысы Ауғанстанда есірткі заттарының егіліп, өндірілетіндігіне тоқталып: «Есептеулер бойынша, бұл елде жылына 8 мың тонна есірткі заты өндіріледі. Бұл үдеріс Иран үшін көп қиындық тудырып отыр»,‑деді. Сардар Резаи ИИР‑ның Пәкістан және Ауғанстанмен 2 мың шақырымнан артық шекарасының барын айтып: «Шекаралық күштер есірткі заттарын тасымалдау және шекаралық қылмыстармен күресу үшін қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдаланады»,‑деді.
Түркия Жандармериясының бас қолбасшысы да Иранның есірткі заттарын транзиттеумен күресу жолындағы шекаралық шараларына алғыс айтып, Иранмен шекаралық әріптестікті дамытып, нығайтуға ниет білдірді.