Еуропа "Ортақ қадам" келісіміне қатысты сөзден іске көшуі керек
(last modified Thu, 19 Jul 2018 09:00:19 GMT )
Шіл 19, 2018 15:00 Asia/Almaty
  • Еуропа

Иран Сыртқы істер министрі Euronews арнасына берген сұхбатында АҚШ-тың "Ортақ қадам" бағдарламасынан шыққаннан кейінгі кезеңдегі Еуропамен қарым-қатынастың маңыздылығын баса айтып: "Иранның ядролық келісіміне берік болу мақсатында еуропалықтардың саяси міндеттемесінен бөлек олардың іс жүзіндегі әрекеттерін байқау қажет",- деді.

Мұхаммад Джавад Зариф сөзінің жалғасында: "Еуропа тек пікір білдіріп, мәлімдеме жариялаумен шектеліп қалмауы тиіс. Иран олардың банктік байланыстар орнату, инвестиция салу, энергетика, тасымал мен шағын және орташа компанияларға қолдау көрсетуін қажет етеді",- деді.

Бұл күндері Еуропа елдерінің "Ортақ қадамды" сақтап қалуға бағытталған талпыныстары мен әрекеттері арта түсті. Сонымен бір мезгілде АҚШ президенті Дональд Трамп еуропалықтарға егер Иранмен ынтымақтастық жасайтын болса, оларға қарсы санкция салып, жазалайтыны туралы қоқан-лоққы жасаған болатын. Бұл жағдай Еуропа елдерінің АҚШ шыққаннан кейінгі "Ортақ қадамды" сақтап қалуға бағытталған міндеттемесін жүзеге асыратын жарқын көкжиекке кепілдік бермейді. Еуропа инвестициялық банкі тарапынан банктік жеңілдіктер беру, Иранда орналасқан еуропалық компаниялар үшін қорғаныстық қалқан құру мақсатында арнайы іс-шараларды жүзеге асыру, АҚШ-тың санкцияларынан құтылу үшін Еуропа үкіметтерінен ақшаны тікелей Иранның Орталық банкіне жіберу ИИР-ның еуропалық "Ортақ қадамды" сақтап қалу үшін бекіткен шарттарының қатарын құрайды. Бұл әрекеттер "Ортақ қадамның" ажырағысыз бөлігі саналады. Қазіргі таңда АҚШ "Ортақ қадам" келісімінен шыққаннан кейін еуропалықтар осы әрекеттердің жүзеге асырылуына кепілдік беруі қажет. Егер бұл шарт орындалмайтын болса, "Ортақ қадамды" сақтап қалудың қажеті де болмайды. Осы мәселеге қатысты Иранның Сыртқы қарым-қатынастар стратегиялық кеңесінің төрағасы Камал Харази былай деді: "АҚШ-тың "Ортақ қадам" келісімінен заңсыз түрде шығуымен бұл келісімнің басқа мүшелері Иранға АҚШ-тың санкцияларынан аман-есен өтуіне көмектесуі тиіс. Бұл келісімнің мазмұны басқа мүшелер тарапынан жүзеге аспаған жағдайда Иранның "Ортақ қадамда" қалуының мағынасы жоқ".

Осындай айқын ұстаным "Ортақ қадамның" басқа тараптарының, әсіресе еуропалықтардың саяси ұран мен "Ортақ қадамды" сақтап қалуды қайта-қайта қуаттау кезеңінен өтіп, АҚШ-тың біржақты санкцияларының күшіне енуімен бір мезгілде Иран көздеген және "Ортақ қадамда" қарастырылған іс жүзіндегі әрекеттерді жүзеге асыру қажеттігін көрсетіп отыр. АҚШ-тың қатысуынсыз "Ортақ қадам" келісімінің жарияланған саясат шеңберінде сақталып қалатын мүмкіндігі жоқ. Берік әрі заңды түрде кепілдік берілген іс жүзіндегі әрекеттерді жүзеге асыру "еуропалық "Ортақ қадамды" жүзеге асыруды жалғастырудың жалғыз шарты болып табылады. Осы мәселе жөнінде Ирандағы Ұлыбритания елшісі Роберт Макэйр дүйсенбі күні Теһрандағы шетелдік өкілдердің басқосуында: "Біздің "Ортақ қадамды" қолдауымыз саяси ұранмен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Бұл іс одан әрі жалғасуы үшін сөзден әрекетке көшуіміз керек",- деп мәлімдеді. Сондай-ақ, Франция СІМ Жан-Ив Ле Дриан: "Еуропа Иранның шикі мұнайын сата алуы үшін қажет жағдайды жасауы тиіс",- деді.

Экономикалық қауіпсіздікке кепілдік және оның жеңілдіктерін пайдалану Иран Ислам Республикасының айқын әрі заңды құқығы және "Ортақ қадам" келісімі сақталуының негізгі шарты саналады. Еуропа мен Иранның АҚШ-тың қатысуынсыз "Ортақ қадам" көлеңкесіндегі әріптестігі үшін айқын шектерді анықтай алу мақсатында еуропалықтардың барлық талпыныстары іс жүзінде осы маңызды шартты жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Осы екіжақты бағытта қадам басу Еуропа елдері үшін де пайдалы болмақ. Теһрандағы Аустрия елшісі Стефан Шольцтың айтуынша, Еуропа одағы қаржы арналарының ашылуын қалайды. Себебі, Иранға тауар экспорты тоқталғандықтан бұл ел шамамен 10 миллиард доллар көлемінде зиян шеккен.