Чабаһар Иранның үлкен портына айналады
Иранның Вице-президенті Джаһангири елдің оңтүстік-шығысындағы Чабаһар портының жоғары әлеуетке ие екенін, сондықтан елдің үлкен портына айналатынын қуаттады.
Иран Вице-президенті Исхақ Джаһангири сейсенбі күні елінің оңтүстік-шығысындағы Систан-Балучистан облысында сөйлеген сөзінде: «Мекран жағалауын пайдалану Систан-Балучистан мен Иранның шығысының дамуына себеп болады. Бұл мәселені үкімет шынайы қарастырып жатыр. Үндістан мен Қытай Чабаһар портының әртүрлі бөлімдеріне инвестиция салуға құлық танытып отыр. Иран оларды қолдайды. Орта Азия елдері мен Қытай және Үндістанмен жұмыс істеу үшін бұл портта еш шектеу жоқ. Систан-Балучистан шекаралас елдерге тауар экспорттау саласында үлкен мүмкіндіктерге ие»,- деді. Иран Вице-президенті сондай-ақ, Ормуз бұғазының стратегиялық маңызына тоқталып: «Ормуз бұғазында бейберекеттік орнатуға еш уақытта рұқсат етпейміз. Иран Ормуз бұғазын қауіпсіздікпен қамтамасыз етуді өз міндеті санайды»,- деді.