"Хавизе" қанатты зымыранының тұсаукесер рәсімі өтті
(last modified Sun, 03 Feb 2019 15:00:54 GMT )
Ақп 03, 2019 21:00 Asia/Almaty

Дұшпанның жан-жақты санкциялары мен қысымдарына қарамастан қорғаныс саласындағы құнды жетістіктер "Біздің қолымыздан келеді" деген ұранды қайта жаңғыртып, Иран Ислам революциясының өз жолын әлі де қарқынды түрде жалғастырып келе жатқанын көрсетеді.

Иран Қорғаныс министрі Амир Хатами сенбі күні Теһранда ұзақ қашықтыққа арналған "Хавизе" круз зымыранының тұсаукесер рәсімі аясында сөйлеген сөзінде: "Бұл зымыран – Иранның өз-өзіне сенімі мен қорғаныс саласындағы маңызды жетістігі. Бұл ешбір бөгеттің исламдық Иран халқының қорғаныс саласындағы ерік-жігеріне тосқауыл қоя алмайтынын көрсетеді",-деді.

Иран мамандары мен ғалымдары тарапынан әлемнің дамыған заманауи технологияларын пайдаланып жасалған "Хавизе" зымыраны 1350 км қашықтыққа ұша алады. Ол құрлықтағы қозғалмайтын нысаналарға қарсы қолданылуға арналған.

Иранның қорғаныс өнеркәсібінде круз, әуеден әуеге, жерден әуеге және теңізден әуеге атылатын түрлі зымырандар бар. Иранның зымырандық қуаты ислам республикасының әскери технология және қорғаныс қуаты саласындағы ірі жетістіктерінің бірі саналады. Бүгінде Иран Қарулы күштері ішкі қарым-қабілетке сүйеніп, қысқа уақыт ішінде қолда бар әлеуеттерді максималды түрде пайдалану арқылы заманауи зымырандар жасап, тұсаукесер рәсімін өткізіп жатыр. Олардың әрқайсысын сипаттағанда ИИР-ның қорғаныс саласындағы қарым-қабілеті айқын байқалады. Елдің Қарулы күштері қорғаныс өнеркәсібіндегі аппаратты-бағдарламалық платформа саласында айрықша қабілетке ие.

АҚШ-тың Халықаралық стратегиялық зерттеулер институты бір есебінде Иранды ең ірі әрі әралуан баллистикалық зымырандар қоймасы бар ел ретінде сипаттайды.

Осы институттың сарапшысы Джереми Вон өз есебінің бір бөлігінде ирандық студенттер мен оқушылардың әртүрлі халықаралық жарыстарда алған ғылыми дәрежелері мен олимпиадалық жүлделеріне тоқталып: "Халықаралық санкциялар ирандықтардың шетелдік университеттерде оқу мүмкіндігін жойғанымен, іс жүзінде бұл Иранның пайдасына шешілді. Елдің техникалық салалардағы дарынды ғалымдары үкіметтің қолдауымен ел ішінде қызметке алынды",-деді.

Ол: "Кейбіреулер қару-жарақ санкциялары Иранның технология саласында дамуын тоқтата алды деп санағанымен, бұл ел санкцияларға қарамастан өзінің ғылыми әлеуетін жақсартудың тәсілдерін тауып алды",-деді.  

Иранның қорғаныс өнеркәсібі соңғы жылдарда осы салаға қажетті құрал-жабдықтардың түр-түрін, соның ішінде зымырандарды әртүрлі қоқан-лоққыларға төтеп беру үшін айрықша ерекшеліктермен жобалап, жасап шығарды. Сол себепті Иран әлем мен Таяу Шығыста зымырандық құдіреттердің біріне айналды.

ИИР ешбір елге шабуыл жасауды көздемейді, ешқашан мұндай іске бармайды. Бірақ егер біреу Иранға шабуыл жасағысы келсе, Иран Қарулы күштерінің қатаң жауабына ұшырайды.