Бейбітшілік үстемшілдіктің емес, тілеулестіктің арқасында орнайды
Иран Сыртқы істер министрі: "Үстемшілдік пен қару-жарақ қолдануға негізделген ой-сана диалог пен тілеулестік ой-пікіріне ауысуы керек",-деді.
Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф бейсенбі күні Теһранда өткен "Наурыз әлемі" атты халықаралық форумда сөйлеген сөзінде: "Бүкіл әлемге Иранның тілімен, Наурыз жері мен Наурыз мәдениеті тілімен айтайық: үстемшілдікпен бейбітшілік орнамайды. Өзіміздің наурыздық ойымыз және қатынасымызбен әлемге үстемшілдік заманының аяқталғанын көрсетейік.
7 трлн доллар жұмсап, жағдайы алғашқы күннен нашарлай түскендер білсін: 70 немесе 700 трлн доллар жұмсаса да, жағдай осылай қала береді",-деді.
Иран Сыртқы істер министрі бұл сөзімен АҚШ-қа меңзеп отыр. Бұл ел өз күш-қуатына сүйеніп, әлемнің әртүрлі аймағында өз саясатын ілгерілетуге талпыныс жасап жатыр. Әлемдегі осындай маңызды аймақтардың бірі – Таяу Шығыс стратегиялық аймағы. Өткен бірнеше жылда АҚШ осы аймаққа миллиардтаған доллар жұмсады. Бірақ, бұл АҚШ-тың жеңіліс табуы мен аймақта тынышсыздықтың артуынан басқа еш нәтиже бермеді.
Дональд Трамп бастаған АҚШ-тың қазіргі үкіметі халықаралық алаңда тағы біржақтылық пен үстемшілдік саясатын ұстанып отыр. Бұл қатынас әлемнің бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне шынайы қатер төндіретіндіктен халықаралық қауымдастықтың қатаң реакциясына ұшырады.
АҚШ-тың қазіргі үкіметінің халықаралық заңдар мен міндеттемелерге немқұрайлы қарауы және әртүрлі аймақтардағы, соның ішінде Таяу Шығыстағы өз одақтастарына олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сылтауымен қару-жарақ сатуды жалғастыруы әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатуға көмектеспейтінімен қатар қатігездік пен тынышсыздық тудырады.
АҚШ Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы аймағындағы өз мақсат-мүдделерін гибридтік жолмен, яғни өзгенің қолымен жүзеге асырып, қоқан-лоққы жасау арқылы Сауд режимі сияқты режимдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді АҚШ-тан қару-жарақ сатып алу түрінде сипаттап отыр. Бұл қатынас аймақта қару-жарақ бәсекелесінің артуына соқтырды. Аймақтағы кейбір режимдерге миллиардтаған долларлық қару-жарақ сатылғанымен бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін оң перспектива байқалмайды.
АҚШ орасан зор шығынға батқанына қарамастан, бұл елдің басшысы түнделетіп Иракқа сапар шеккен жағдайда Дональд Трамп жеңіліс тапқан қатынасын жалғастырып отыр. Мұнымен қоса, АҚШ Сирияда өз үстемдігін жүргізу үшін әртүрлі лаңкестік топтарды жан-жақты қолдағанына қарамастан, оған бұл елден шығудан басқа амал қалмады.
Ислам революциясы Сақшылар корпусына қарасты Құдс күштерінің қолбасшысы генерал-майор Ғасем Солеймани сәрсенбі күні кешке АҚШ-тың Иракта жеңіліске ұшырағанына тоқталып: "АҚШ аймаққа 7 трлн доллар жұмсады. Бірақ, соған қарамастан бұл елдің Президенті Иракқа түнделетіп, жасырын келуге мәжбүр болып отыр",-деді.
Таяу Шығыстың қазіргі тәжірибесі қару-жарақ және үстемшілдікпен бейбітшілік орнамайтынын, біржақты гегемонияның дәурені аяқталғанын көрсетіп отыр.