Иран мұнайы экспортын тоқтату шындық па, әлде қиял ма?
(last modified Thu, 02 May 2019 12:17:32 GMT )
Maм 02, 2019 18:17 Asia/Almaty
  • Иран мұнайы экспортын тоқтату шындық па, әлде қиял ма?

Иранның Мұнай министрі Бижан Намдар Зангане Иран мұнайы экспортын тоқтатудың АҚШ пен Иранмен көршілес екі елдің арманы болғанымен, жүзеге асуы мүмкін еместігін баса айтты.

Бижан Намдар Зангане сәрсенбі күні Теһранда өткен 24-ші Халықаралық мұнай, газ, өңдеу және мұнай-химия көрмесінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Иранға көрші екі елдің өз мұнай қорлары деңгейін асыра айтып отырғанын бәрі біледі. Сондықтан теріс кеңістік тудыруға бағытталған қойылымдар арқылы Иран мұнайының бос орнын толтыра алмайды»,-деді.

АҚШ үкіметі 2019 жылдың 22 сәуірінде Иран мұнайын сатып алушыларды санкциялардан босататын жеңілііктің мерзімін ұзартпайтынын жариялады. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео: «Сауд Арабиясы мен БАӘ Иранның мұнайына салынған санкция салдарынан жаһандық нарықта пайда болған мұнай тапшылығын өтеуге уәде берді»,-деп мәлімдеді.

Вашингтонның Иран мұнайын сатуды тоқтату арқылы Теһранға барынша қысым жасау саясаты қазір Ақ үй басшыларының күн тәртібіне қойылған. Сол себепті АҚШ Иран мұнайын сатып алушыларға берілген жеңілдіктің мерзімін ұзартпады. Бұл саясат АҚШ Президенті Дональд Трамптың авторитарлық біржақтылықты жалғастырып жатқанын көрсетеді.

АҚШ үкіметі әртүрлі тәсілмен Иранның қатынасын өзгертуге талпыныс жасап жатыр. Иран халқына қарсы экономикалық қысымдардың күшейтілуін осы аяда бағалау керек. Трамптың командасы біржақтылықты басқа елдердің АҚШ-пен толық жақтасуы деп түсінеді.

АҚШ-тың қазір Иранға қарсы қатынасы әлемдегі энергетика қауіпсіздігін бұзып отыр. Бұдан бүкіл елдер зиян шегеді. Осы шындықты назарға ала отырып, Трамптың біржақтылығына қарсы табандылық таныту – қажет іс. АҚШ-тың біржақтылығы халықаралық деңгейде көптеген зиян тигізеді. Сондықтан оған қарсы тұру керек.

Кейбір елдердің Иран мұнайына салынған санкциядан босату мерзімінің ұзартылмауына кесімді позиция білдіруі АҚШ-тың қатерлі біржақтылығына қарсыласудың қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Бұған қатысты немқұрайлық заң билігінің «жабайы орман» билігімен алмасуына себеп болады.  

АҚШ-тың зорлықшыл әрекеттеріне қарсы саяси деңгейде қарсыласу белгілерінің қалыптасуымен қоса, техникалық және практикалық тұрғыдан да жаһандық нарықта Иран мұнайының орнын алмастыратын ештеңе жоқ.  Біріншіден, АҚШ-тың оптимистік көзқарасына керісінше, Сауд Арабиясы мен БАӘ техникалық және өңдеу тұрғыларынан қазіргі деңгейден көбірек мұнай өндіру қабілетіне ие емес. Бұл салада берілген уәделер психологиялық сипатта айтылған.

Екіншіден, Иранның жеңіл мұнайының сапасы іс жүзінде артықшылық тұрғысынан Сауд Арабиясы мен БАӘ-ын өз мұнайымен алмастыру мүмкіндігінен айырып отыр. Иран мұнайы жеңілдік пен ауырлық деңгейі және әлемнің, соның ішінде Азия мен Еуропаның әртүрлі өңдеу зауыттарында пайдалану мүмкіндігі тұрғыларынан Сауд Арабиясы мен БАӘ мұнайынан әлдеқайда артық. Осы аяда Иран мұнайын сатып алатын басты елдер, соның ішінде Оңтүстік Корея мен Үндістан АҚШ-тың Иран мұнайына санкция салу саясатына наразылық білдірді.

Иран мұнайын сатып алатын кейбір елдердің мұнай өңдеу зауыттары тек Иранның шикі мұнайымен ғана жұмыс істей алады, өйткені олар әу бастан Иран мұнайының ауырлық деңгейі мен сапалық көрсеткіштеріне сәйкес салынған. Жаһандық мұнай нарығындағы жағдай мен Иран мұнайының Сауд Арабиясы мұнайымен салыстырғандағы сапалық артықшылығын ескергенде Иран мұнайының орнын алмастыруға болмайтыны айқындала түседі. Осындай жағдайда мұнайды саяси құрал ретінде пайдаланудың қатерлі салдарлары болатыны анық.