Сөз өнері ешқашан өлмейді
(last modified Wed, 08 Jul 2020 15:18:46 GMT )
Шіл 08, 2020 21:18 Asia/Almaty
  • Сөз өнері ешқашан өлмейді

Парвиз Бейги Хабибабади – парсы ақыны, жазушы, әдебиет зерттеушісі, баспагер. Ол 1954 жылы 22 желтоқсанда Ирандағы Ардестан ауданында туған. «Пайям е Нур» (Нұр жолдауы) университетінде оқып, парсы тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алған. Әдебиеттегі белсенді әрі жемісті еңбегі үшін оған Иранның Исламдық бағдар министрлігі мен Білім министрлігі өнер саласындағы докторлық дәрежеге тең құжат берді. Қаламгер қазір Теһран шаһарында тұрады.

Осы уақытқа дейін 23 кітабы шыққан. П. Бейги «Фәсл к Пәнджом» (Бесінші маусым) баспасының жауапты директоры. Парсы ақыны былтыр Нұр Сұлтанда өткен «Еуразия астаналарының қаламгерлері» халықаралық әдеби форумына қатысқан болатын. 

Қазақ поэзиясының музыкамен астасып жатқанын аңғардым

Парвиз мырза, әдебиет деген ұғымды қалай түсінесіз?

– Әдебиет – мәңгілік жасайтын сөз өнері. Өйткені халықтың өмір салты, наным-сенімі, қуанышы мен қайғысы, жеңісі мен жеңілісі, бір сөзбен айтқанда, ел өміріндегі барлық маңызды жәйт әдебиетте көрініс табады. Ешқашан өлмейтін сөз өнері өлең, дастан, роман, қолжазба немесе басқа да түрлі жанрда болуы мүмкін. Ал біздің парсы жұрты үшін бәрінен де поэзияның орны бөлек. Халқымыз тарихын өлең-дастандар арқылы біліп, оқиды. 

Былтыр Нұр-Сұлтанда өткен «Еуразия астаналарының қаламгерлері» халықаралық әдеби форумына қатыстыңыз. Бұл жиында танысқан ақын-жазушылармен қазір араласып тұрасыз ба?

– Қазақстанға барған сапарым өте қызықты болды. Иранға оралған соң, елімізде қазақ ақындарының өлеңдер топтамасын шығаруға әрекет еткенмен, түрлі себептерге байланысты ойым жүзеге аспады. Бірақ Иранда тұратын Қазақстан азаматы Гаухар Омарханованың көмегімен менің өлеңдерімді қазақшаға аудардық. Жуырда бұл кітап басылып шығады. Сонымен қатар Гаухар ханым бір қазақ ақынының жырларын парсышаға тәржімалап жатыр. Оның өлең жинағын да Иранда шығармақ ниетіміз бар. Бұдан бөлек Қазақстанда парсы тілін білетін бір азаматпен танысып, дос болып кеткен едік. Мен оған қазақ ақындарының антологиясын Иранда басып шығаруға әзір екенімізді айтқан болатынмын.

Біздің елімізге келіп-кеткеннен кейін қандай әсерде болдыңыз?

 Қазақстанға алғашқы сапарымнан соң, қазақ халқының әдебиетке құштарлығы мен еңбекқорлығы және Қазақ елінің даму барысы жайлы мақала жазып, Ирандағы таралымы көп белді басылымдардың бірінде жарияладым. Сонымен бірге, бұл мақаланы қазақшаға аударып, оқырмандар назарына ұсыну үшін Қазақстандағы достарымның біріне жіберген едім.

 Қазақ әдебиеті туралы не білесіз?

– Қазақтың сөз өнері көне эпостар мен дастандарға бай секілді. Сонымен қатар бірнеше күн ішінде қазақ поэзиясының музыкамен астасып, байланысып жатқанын байқадым. Бұл екеуі тонның ішкі бауындай етене жақын қос отбасы сияқты екен. Сондай-ақ бұрынғы өткен классик ақындарыңыз парсының Низами, Гәнжауи, Фирдоуси, Хафиз, Сағди, Рудаки, Аттар, Мәулана секілді ұлы шайырларын білуі, оқуы екі халықтың арасындағы терең рухани байланысты көрсетеді. Жалпы, Қазақстан қоғамы қарқынды дамып келе жатыр. Әдебиеті де өсіп-өркендеуде.

– Қазақ оқырмандарына өмірбаяныңызды айтып берсеңіз.

– Мен шамси жыл санағы бойынша 1333 жылдың 1 дей күні түнде (22.12.1954) Ирандағы Ардестан ауданында дүниеге келдім. Қасиетті болып есептелетін бұл түн «ялда» түні (ең ұзақ түн) деп аталады. Әкем әскери адам болғандықтан, бала кезімде бір жерде тұрақтамай, түрлі қалада тұрдық. «Пайям-е нур» («Нұр жолдауы») университетінде оқып, парсы тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Содан соң, әдебиеттегі белсенді әрі жемісті еңбегім үшін маған Иранның Исламдық бағдар министрлігі мен Білім министрлігі өнер саласындағы докторлық дәрежеге тең құжат берді. Қазір Теһран шаһарында тұрамын. Иран мен Таяу Шығыс ақындарының кітаптарын басып шығаруға мамандандырылған «Фәсл-е пәнджом» («Бесінші маусым») баспасының жауапты директорымын. 11 жыл­дан бері жұмыс істеп келе жатқан баспамыздан отан­дық және парсы тіліне ау­дарылған ше­телдік ав­тор­лардың 900-ден астам өлең­дер жинағы жарық көрді.

БҮГІНГІ ПАРСЫ ПОЭЗИЯСЫ ҮШІН НЕОКЛАС­СИКАЛЫҚ ӨЛЕҢДЕРДІҢ ДӘУІРІ КЕЛГЕНДЕЙ

– Өзіңіздің қанша кітабыңыз оқырмандарға жол тартты?

– Осы уақытқа дейін 1000, 2000, 3000, 5000 және 6000 таралыммен 23 кітабым шықты. Бұлардың бесеуі – өлеңдер жинағы. Ал өзгелері – Иран тарихындағы Сефеви және Каджар дәуірлерінде туған парсы поэзиясы жөнінде және парсы тіліндегі өлең-жырлар енген тазкерелер (антологиялар) туралы зерттеу еңбектер. Бұларда парсы шайырларынан бөлек, Пәкістан, Үндістан және Орта Азия елдерінен шыққан ақындар шығармашылығын таныстырып, талдаймын. Тезкерелер – шәмси жыл санағы бойынша IV ғасырдан (XI ғасыр) күні бүгінге дейінгі аралықта парсы тарихының аса маңызды дереккөздерінің бірі. Тағы бір айта кететін жәйт – қысқа өлеңдерім топтастырылған жинағым Қытайда екі тілде басылып шықты. Қазір бұл туындымды Гауһар ханым қазақшаға да аударып жатыр.

– Ал алғашқы жинағыңыз қашан шықты? Онда қандай туындыларға қалам тербеп едіңіз?

– Тырнақалды туындым 40 жыл бұрын жазылса, ал тұңғыш жыр жинағым 30 жыл бұрын жарық көрді. Алғашқы кітабыма махаббат тақырыбындағы және Иран мен Ирак арасындағы 8 жылдық соғыста құрбан болған шәһиттер жөнінде жазған өлеңдерім енді.

– Біздің халық қазіргі парсы әдебиетін біле бермейді. Ирандық ақын-жазушылар не жазып жүр?

– Осыдан 100 жыл бұрын атақты парсы ақыны әрі әдебиет теоретигі Нима Юшидж сөз өнерінде қалыптасқан үрдістерді бұзу жөнінде көзқарастарын білдіргенде, көп адамның қарсылығына ұшырады. Алайда соған қарамастан, өз пікірінен қайтпай, табанды еңбек етіп, жаңа заман әдебиетін тудырды. Қазіргі жас ақындар жоғарыда аталған Нима Юшиджбен қоса, Ахмад Шамлу, Форуғ Фарахзад, Сохраб Сепеһри секілді ұлы ақындарға еліктеп, солардың жолын жалғастырып келеді. Заманауи поэзия дәстүрлі және классикалық өлеңге де қатты әсер етті. Бүгінгі парсы поэзиясы үшін неоклассикалық өлеңдердің дәуірі келгендей. Сонымен бірге, қазіргі ақындарымыз жеке «мен» аясынан шығып, әлеуметтік «мен» атынан жырлайды. Сол себепті, заманауи парсы поэзиясы қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтарға ықпал етіп, оқырмандар саны артып жатыр.

– Еліңізде әдебиеттің қай саласы кең таралған?

– Біздің кейінгі буын көне классикалық мәтіндерді, жаңа заман әдебиетін және ақ өлеңдерді көп оқиды. Арасында өздері жазып, әдебиетке келіп жатқан жастар да бар.

– Иранда Жазушылар одағының қанша мүшесі бар? Одақ қаламгерлерге қолдау білдіре ме?

– Біздегі әдеби ұйымдар бір орталықтан басқарылмайды. Мемлекеттің әр қаласында жеке-жеке жұмыс істейтін бірнеше тә­уел­сіз әдеби бірлестік бар. Олардың кейбіріне үкімет қаржылай демеу көрсетеді. Сонымен бірге Теһрандағы кей әдеби ұйымдар мүшелерінің шығармаларын шет тілдеріне аударып, басып шығарады. Бізде Telegram, WhatsApp және Instagram желілерінде жұмыс істейтін виртуалды әдеби одақтар да бар. Әлеуметтік желілерде белсенді мүшелер өлеңдерін жариялап, тікелей эфирде өлең оқиды. Сондай-ақ онлайн-конференцияларда түрлі тақырыптарды талқылайды. Instagram желісінің өзінде поэзияға арналған мыңдаған парақша бар. Біз қазір бүкіл ел аумағындағы әдеби ұйымдар мен қаламгерлердің нақты санын анықтап, өзара байланыс орнатуға тырысып жатырмыз.

ЖАЗБАҒАН ОЙ-ПІКІРЛЕРІМНІҢ ҚҰМҒА СІҢГЕН СУДАЙ ІЗІМ-ҒАЙЫМ ЖОҒАЛАТЫНЫН ЖАҚСЫ ТҮСІНЕМІН

– Қазіргі заманның ақын-жазушылары қандай болуы керек?

– Меніңше, бүгінгі қаламгерлер халық­тың әлеуметтік мәселелеріне баса назар аударумен бірге, жаңаша ойлайтын, жаңа­лық­қа жаны құштар болуы тиіс. Қазіргі шайырлар бұрынғының сарай ақындарына ұқсамай, қоғаммен етене жақын болып, елдің жоғын түгендеуі керек. Сонымен қатар үнемі іздену, әлемдік әдеби үдерістен хабардар болу замандас қаламгерлердің таным көкжиегін кеңейтіп, тың идеялар берері хақ.

– Адамзаттың болашағы туралы не ойлайсыз?

– Адам баласы жаппай автоматтандыру жүйесіне көшіп жатыр. Тіпті, жан дүниеміз де өзгергендей. Адамға тән сезімдерден, ғашықтық, мейірім, адамгершілік қасиеттерден бұрынғыдан бетер алшақтап барамыз. Осылай жалғаса берсе, келешегіміз күңгірт.

– Қандай жоспарларыңыз бар?

– Баспадағы қызметімді жалғастыра­мын. Қазір өткенімді ойша сараптап, естелік және поэзия туралы тағы бір көлемді (600 бетке жуық) зерттеу еңбегімді жазып жатырмын. Алдағы уақытта оқырмандарға жол тартады. Маған уақыт тым аздай көрінеді. Басылып шыққан дүниелерім кейінгі ұрпаққа тасқа қашағандай рухани мұра ретінде қалса, ал жазбаған ой-пікірлерімнің құмға сіңген судай ізім-ғайым жоғалатынын жақсы түсінемін. Сол себепті, қаламымды ешқашан тастамай, дәйім жазуым керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Алпамыс ФАЙЗОЛЛА