Иран мен Өзбекстан екіжақты сауданы арттыруға бар күшін салады
(last modified Thu, 15 Jul 2021 16:03:49 GMT )
Шіл 15, 2021 22:03 Asia/Almaty
  • Иран мен Өзбекстан екіжақты сауданы арттыруға бар күшін салады

Иран мен Өзбекстан сауда саласында екіжақты әріптестікті дамытуға бар күшін салып жатыр.

Өзбекстан сауда делегациясының сапары барысында Теһран мен Ташкент басшылары текстиль өнімдерін сатып алу туралы келісімшартқа қол қойды. Ирандық кәсіпкерлер Өзбекстаннан мақта-мата өнімдерін сатып алатын болды. Өзбекстан делегациясы осы мақсатта Иранға сапар шекті. Бұл іссапар Теһран экспорттаушылар одағы мен текстиль өндірушілердің жиналысына қатысу үшін жүзеге асырылды. Жиналыста Теһран мен Ташкенттың сауда-экономикалық  әріптестігін кеңейту мәселесі талқыланды.

Өткен жылдары Иран мен Өзбекстан жол салу және жеңіл өнеркәсіп салаларында сындарлы әріптестік жасады. Соңғы келісімшартқа қол қойылғаннан кейін Теһран мен Ташкент басшылары сауда саласында да екіжақты әріптестікті кеңейтуге талпыныс жасауда. Бұдан бұрын Иран мен Өзбекстанның сауда-экономикалық ынтымақтастығы туралы ортақ комиссияның отырыстарында қос тарап екі ел арасындағы сауда айналымы көлемін жылына 1 млрд долларға жеткізуге келісті. Иран Өзбекстанға техникалық білім беріп, ол елден текстиль өнеркәсібіне қажетті шикізат ала алады.

Теһран мен Ташкент әріптестігін дамытуға бағытталған маңызды салалардың бірі – транзит. Екі елдің Таяу Шығыс пен Орта Азиядағы стратегиялық географиялық жағдайын назарға ала отырып, екі ел теміржол желілерін байланыстырып, көршілес елдермен әріптестікті арттыру арқылы екіжақты мақсаттарды орындай алады. Мұнымен қоса, Иран, Өзбекстан мен Оман елдері арасындағы үшжақты келісім аясында Теһран мен Ташкент көршілес елдермен ынтымақтастықты нығайту арқылы бір-бірінің талап-тілектерін орындай алады. Бұл ынтымақтастықтың екі жаққа да маңызды екені күмәнсіз. Екі ел Түркіменстан, Әзірбайжан республикасы мен Грузия сияқты көршілес елдермен әріптестік аясында Шығыс-Батыс бағытында әріптестік жасай алады. Иран Солтүстік-Оңтүстік бағытындағы ең маңызды ел саналады, сондықтан Өзбекстан сияқты Орта Азия елдерін Парсы шығанағы және Үнді мұхитымен жалғай алады. Басқа бағыттарға қарағанда жол шығыны мен жол жүру уақыты азырақ болады. Өзбекстан Президенті кеңсесіне қарасты Аймақтық стратегиялық зерттеулер институтының басшысы әрі танымал өзбек сарапшысы Эльдар Арифов осы екіжақты қарым-қатынас туралы: «Иран мен Өзбекстан екіжақты қарым-қатынасы өзара құрмет принципіне негізделген, сондықтан екі елдің мүдделері назарға алынады. Иран мен Өзбекстан халықтарының ортақтықтары өте көп болғандықтан қос тарап соған сүйене отырып, екіжақты әріптестікті көздеген межеге жеткізе алады»,-деді.  

Қазіргі таңда Өзбекстанда 272 компания ирандық инвестициямен жұмыс істеп жатыр. Екі елдің сауда айналымының көлемі 2020 жылдың соңғы 8 айында 158 млн долларды құрады.

Жалпы өзара сауда әріптестігінің мақсаттары толық орындалуы үшін сарапшылар екі елдің тасымал жолдарын бір-біріне жалғауды жеделдетіп, өзара әріптестікті арттыру қажет деп санайды.