Раиси: Елдермен әріптестік өзара құрмет негізінде болуы тиіс
Иран Президенті: «Иран барлық елдермен әріптестік жасауға дайын. Бірақ бұл әріптестік өзара құрмет және халықтардың мүдделерін назарға ала отырып жүргізілуі тиіс»,-деді.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сейіт Ибраһим Раиси жексенбі күні Теһранда Ұлыбританияның жаңа елшісінің сенім грамотасын қабылдау рәсімінде тәуелсіздік пен азаттықты Иран халқының басты ұраны деп атап: «Біздің еліміз шынымен тәуелсіз. Біздің тәуелсіздігіміз құр сөз емес. Сіз парсы тілін жақсы білетіндіктен осы сөздердің Ирандағы шынайы мағынасын өз еліңіздің басшыларына түсіндіруіңіз тиіс»,-деді.
Раиси қазіргі таңда адам құқығының елдерге соққы жасауға арналған саяси қаруға айналғанын айтып: «Біз адам құқығына діни наным-сенімдер негізінде құрмет білдіруге міндеттіміз. Адам құқығын қорғаушымыз деп уәж айтушылардың кейбіреулерінің өз халқына қандай қатынас көрсетіп отырғанын өзіңіз көріп отырсыз»,-деді.
Саймон Шерклифф: «Иранды жақсы білемін, тәжірибем бар. Менің негізгі мақсатым – оңды әрі сындарлы көзқараспен екі елдің қарым-қатынасын жақсарту»,-деді.