Діни жетекшінің АҚШ-тың Иранға қарсы "жұмсақ соғысына" қатысты көзқарасы
(last modified Thu, 21 Apr 2016 11:18:32 GMT )
Сәу 21, 2016 17:18 Asia/Almaty
  • Діни жетекшінің АҚШ-тың Иранға қарсы

Ислам Революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи оқушылардың исламдық қоғамдары бірлестігінің мүшелерін қабылдауында ИИР-ның қазіргі жағдайын сипаттап:

"Исламдық жүйенің қарсы алдындағы майдан ирандық жастардың діни және революциялық болмысын өзгертуді, оларды үміт, сергектік және түрткіден кенде етуді көздеуде. Оған тосқауыл қоюдың жалғыз жолы діндар, төңкерісшіл, қырағы, ержүрек және жанкешті жастарды «жұмсақ күштің» офицерлері ретінде тәрбиелеу болып табылады" деді.

Иранның Ислам Революциясы жеңіске жеткен кезден бастап өзіне соққы беруде еш нәрседен аянып қалмайтын дұшпандармен күресіп келеді. Иранның Ислам Революциясы аймақ пен әлемдегі саяси теңгерімді өзгертіп, езгідегі халықтар үшін батыс және шығыстағы үстемшілдерден тәуелсіздік алудың жолын көрсетті. Ислам Революциясы бәрінен бұрын АҚШ пен одақтастарының үстемшіл саясаттарын сәтсіздікке ұшыратты. Сол себепті АҚШ ИИР-мен дұшпандығын толассыз түрде жалғастырып келеді.

Ислам Революциясының жеңісінен кейін АҚШ Теһрандағы өзінің елшілігі мен үстемшіл режимге қарасты адамдардың көмегімен Иран Ислам Республикасының жаңа бой көтерген жүйесін құлату үшін төңкеріс ұйымдастырмақ болды. Имамның жолын ұстанған студенттердің "тыңшылық ұясы" деп аталған АҚШ-тың елшілігін басып алуы бұл төңкерісті бейтараптандырды. АҚШ үкіметі одан кейін Теһрандағы қамауға алынған тыңшыларын азат ету сылтауымен Иранның саяси, экономикалық және әскери сезімтал орталықтарына шабуыл жасау жобасын жүзеге асыруға әрекет жасады. Алайда америкалық ұшақтар мен тікұшақтар Иранның шығысындағы Табас шөлінде орын алған құмды дауылда құлағаннан кейін бұл жоба сәтсіздікке ұшырады. Саддамды Иранға шабуыл жасауға итермелеу АҚШ-тың Ислам Республикасын құлату жолындағы келесі бір қадам болды. Сегіз жылға созылған Саддам режимімен теңсіз соғыста ирандық батыл жастардың табандылық танытуы АҚШ-тың бұл қастығын да бейтараптандырды.

АҚШ келесі кезеңде аймақта Ираннан үркіту саясатын өрістету арқылы революциялық құндылықтардың таралуы мен Иранның түрлі салаларда дамуының алдын алуға тырысты. Иранның бейбіт мақсаттағы ядролық жұмыстарын әскери бағдарлама ретінде көрсету және БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің әділетсіз санкцияларының көмегімен Ислам Республикасының жүйесіне қарсы әлемдік майдан құру талпынысы АҚШ-тың Иранға қарсы саясаттарының бір бөлігі болды. Иран мен "алтылық" тобы арасында ядролық келісімге қол қойылып, Иран ядролық ел ретінде ресми түрде танылғаннан кейін АҚШ-тың бұл шабуылы да сәтсіздікке ұшырады. Ислам Революциясының дұшпандары енді Иранның жас ұрпағына әсер етіп, ИИР-на қарсы «жұмсақ соғыс» жүргізуді көздеп отыр.

Хазірет аятолла Хаменеи осы жайында: "Қазір жастар мәселесінде ИИР мен АҚШ, сионистік режим және олардың одақтастары арасында жасырын әрі ауқымды «жұмсақ соғыс» жүріп жатыр. «Жұмсақ соғыс» әскери соғысқа қарағанда қауіптірек" деді. Діни жетекші дұшпандардың кейбір жалған сөздеріне тоқталып: "Кей кездері Иранға қарсы әскери соғыс және бомбалау туралы қоқан-лоқы жасалады. Бірақ бұл бос әурешілік. Себебі олардың батылы жетпейді. Егер мұндай қателік жасайтын болса, оған тойтарыс беріледі" деді.