Ирандық сарапшы: Иран мен Қазақстанның сауда қатынасы
Pars Today Kazakh сайты Орта Азия істері жөніндегі тәуелсіз зерттеуші әрі экономикалық белсенді Умид Рахимиден Иран мен Қазақстанның сауда қатынасы туралы сұхбат алды.
- Иран мен Қазақстан сауда қатынасының жағдайы қалай?
Егер шындықты айтар болсақ, соңғы бірнеше жылда Иран мен Қазақстанның сауда қатынасында жақсы ілгерілеушілік байқалмады. Екі елдің сауда айналымы Иран Кеден басқармасының 2013 жылғы ресми мәліметі бойынша 461 млн долларды құраса, 2019 жылы осы соманың жартысына азайып, 273 млн доллар болды. 2020 жылы коронавирустың таралуына қатысты шектеулер және әлемдік экономикадағы жағдайға байланысты бұл сома Иранның Сауданы дамыту ұйымының мәліметі бойынша 204 млн долларға жетті. 2021 жылы соңғы ресми статистикаға сәйкес екі елдің саудасы аз-маз өсіп, 214 млн долларды құрады. Бұған қарамастан кейінгі үдерістер көрсеткендей 2022 жылы бір серпіліс болуы ықтимал.
- Екі ел саудасын дамыту мүмкіндіктері
Қазақстан егін шаруашылығы саласында Иран үшін аса зор маңызға ие. Екі елдің осы салада әлеуеттері өте көп. Қазақстан Иран үшін болашақта кейбір стратегиялық өнімдер, соның ішінде дәнді дақылдармен қамтамасыз ететін маңызды елдердің бірі болып отыр. Иран геоэкономикалық жағдайына байланысты айрықша орынға ие. Қазақстанды оңтүстіктегі еркін суларға қосатын логистикалық хаб бола алады. Мұнымен қоса, Иран өнеркәсіптік және технологиялық өнімдерді өндіруде өте жақсы тәжірибеге ие. Осы технологияларды Қазақстан мен басқа да көршілес елдерге ортақ инвестиция қалыбында бөлісуге дайын.
- Екі елдің сауда қатынасын дамыту жолындағы қиындықтар мен кедергілер
Санкция Иран мен Қазақстан арасындағы сауда қатынасын дамытуда ең негізгі кедергі болып отыр. Бұл төлем жасау және кейбір сауда процестерін қиындыққа ұшыратты. Құрлық арқылы саудада да соңғы жылдарда коронавирусқа байланысты Түрікменстанмен туындаған кейбір қиындықтар салдарынан кедергілер пайда болды. Түрікменстан екі ел арасында тауарды тас және темір жол арқылы тасымалдауды кешеуілдетіп жіберді. Жалпы Каспий теңізінің шығысындағы темір жол (Иран-Түрікменстан-Қазақстан) логистикалық қиындыққа ұшырады. Тауар тасымалдау жылдамдығы кейде сағатына 10 км-ден аз болды. Теңіз саудасында да кейбір саудагерлер айлақтардағы мүмкіндіктердің аздығын атап өтті. Сондай-ақ тікелей рейстердің аз болуы, виза беруде күрделі үдерістің болуы және ұзаққа созылуы да кедергілер қатарына жатады. Осы мәселелердің барлығына қарамастан, ең ірі әрі маңызды кедергі – екі елдің экономикалық белсенділерінің бір-бірін жеткілікті деңгейде танымауы. Бүгінде Қазақстанның ауқымды әлеуеттері ирандық өндірушілер үшін және Иранның өндірістік әлеуеттері қазақстандық кәсіпкерлер үшін таңсық.
- Қиындықтарды шешу жолы
Иранға қарсы салынған санкцияларға қатысты екі шешім жолы бар: Вена келіссөздері аясында санкцияларды жою және оларды бейтараптандыру. Жуырда Иран мен Қазақстан арасында сауда айналымында ұлттық валюталарды пайдалану туралы келісім жасалды. Бұл да қиындықтардың бір бөлігін бейтараптандыра алады. Транзит саласында басты кезекте Түрікменстанмен үшжақты сауданы дамыту жағдайды жеңілдете алады. Темір жол саласына инвестиция салу да тауар транзитін жылдамдата алады. Басқа жағынан екі елдің айлақтарында да мүмкіндіктер мен әлеуеттерді арттыру қажет. Әсіресе Каспий теңізіндегі кеме қатынасын дамыту керек.
- Екі елдің үкіметтеріне кедергілерді жою үшін қандай кеңес бересіз?
Логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту және виза беруді жеңілдету сияқты мәселелердің бір бөлігі екі ел үкіметтерінің іс-қимылына тікелей байланысты. Мұнымен қоса, экономикалық белсенділер екі ел үкіметтерінен өзара сауданы жеңілдететін жол картасын ұсынады деп күтеді. Үкіметтер, сондай-ақ, екіжақты келісімдер аясында, соның ішінде инвестицияларды кепілдендіру және экспортты кепілдендіру қорлары қалыбында сауда қатерін төмендете алады. Мұнымен қоса, Иран мен Қазақстанның жауапты басшыларының көршілес елдерге айрықша көңіл аударуы аймақтық сауданы алыс елдермен сауда қатынасынан басымырақ етіп, нығайта алатын фактор болады. Басты кеңес осы: екі ел үкіметтері көрші елдермен қатынасқа басымдық беруі керек.
- Екі елдің сауда-экономикалық қатынасының болашағы
Иран мен Қазақстанның ортақ экономикалық комиссиясының соңғы отырысында басшылар өзара сауда айналымын алдағы үш жылда 3 млрд долларға жеткізу көзделіп отырғанын мәлімдеді. Егер инфрақұрылымдарды дамытуға тиісті шаралар атқарылып, Иран мен Еуразия экономикалық одағы (Қазақстан да осы одаққа мүше) арасында еркін сауда туралы келісім жеткілікті деңгейде орындалатын болса, осындай перспективаны елестетуге болады. Мұнымен қоса, Иранда он үшінші үкімет көршілес елдерге, әсіресе Орта Азия елдеріне айрықша көңіл бөледі. Иран Президенті болып сайланғаннан кейінгі алғашқы алты айда Ибраһим Раисидің Тәжікстан, Түрікменстан мен Ресейге сапары осы сөзіміздің дәлелі бола алады.
Сұхбатыңызға рахмет!