Раиси Пәкістанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуды қуаттады
ИИР Президенті елінің Пәкістанмен жан-жақты ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін қуаттап: «ИИР Пәкістанның түрлі салалардағы, соның ішінде мұнай, газ және электр қуаты сияқты қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті әлеуетке ие»,- деді.
IRNA агенттігінің мәліметі бойынша, Ибрахим Раиси сейсенбі күні кешке Пәкістан Сыртқы істер министрі Билавал Бхутто Зардаримен кездесуінде екі елдің ғасырлар бойы жүрек пен сенімге негізделген терең байланыстарына тоқталып, Иран мен Пәкістан халқын тек көрші ғана емес, туыс деп атап: «Имам Резаның (ғ.с.) қасиетті кесенесіне зияратқа баратын шетелдіктердің көпшілігі пәкістандықтар. Олардың Әһл-Бәйтке (ғ.с.) деген сүйіспеншілігі әйгілі және бұл екі елдің бір-біріне жақын болуының бір себебі»,- деп мәлімдеді. Иран Президенті «Пәкістанның қауіпсіздігін өз қауіпсіздігіміз деп санаймыз» деп: «Кейбіреулер екі мұсылман елі, көршілес елі, достары мен ағайындары арасындағы жақсы қарым-қатынасты ұнатпайды, бірақ қарым-қатынастарды нығайту аймақтағы халықтардың экономикалық өркендеуіне және қауіпсіздігіне әкеледі»,- деді.
Билавал Бхутто Зардари Иран сапарына ризалығын білдіріп: «Мен қаншалықта Пәкістанның баласы болсам, соншалықта Иранның да баласымын»,- деді. Пәкістан Сыртқы істер министрі Иранға Пәкістанға электр қуатын экспорттағаны үшін алғыс айтып: «Біз қауіпсіздік, сауда және энергетика бойынша өткен келіссөздерді аяқтауға толық дайынбыз»,- деп тоқталды.