Иран санкциялардың саяси құрал ретінде пайдаланылуын айыптады
(last modified Wed, 22 Jun 2022 12:13:52 GMT )
Маусым 22, 2022 18:13 Asia/Almaty
  • Иран санкциялардың саяси құрал ретінде пайдаланылуын айыптады

ИИР БҰҰ-дағы елшісі және тұрақты өкілі Маджид Тахтраванчи сейсенбі күні сөйлеген сөзінде: «Иран елдерге санкция салуды айыптап, біржақты әрекеттерді гуманитарлық көмекке үлкен кедергілердің бірі деп санайды»,- деді.

АҚШ бастаған Батыстың ұстанымы ескерілетін болса, Иранның кейбір елдердің біржақты санкцияларын айыптауының мағынасы бар. Біржақты санкциялар негізінен Батыс блогы әрқашан басқа елдерге қарсы қару ретінде пайдаланып келе жатқан құрал болып табылады. Соңғы мысал ретінде Украинадағы соғысты сылтау етіп Ресейге қарсы бұрын-соңды болмаған санкциялардың салынуын атап кетуге болады. Бұл санкциялар Ресейге ғана емес, жаһандық экономикаға және әлемнің көптеген бөліктеріндегі, әсіресе Батыс Азия мен Африкадағы адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз етуді нысанаға алды. АҚШ - Ресейге қарсы санкциялардың көшбасшысы. АҚШ әлемдегі ең үлкен санкция енгізуші ел және өзінің сыртқы саяси мақсаттарына сәйкес басқа елдерге әртүрлі санкцияларды қолданудың ең ұзақ тарихы бар. Вашингтонның еуропалық одақтастары, әсіресе Ұлыбритания санкция салуда одан қалыспады. Бұл санкциялар АҚШ пен Батыстың саясаттары мен әрекеттеріне қарсылық білдіру немесе санкция салынған елдер тарапынан қауіп төніп тұр деген сылтаумен жүзеге асырылуда. Коронавирус пандемиясы көптеген елдердің экономикалық және денсаулық  сақтау жағдайын қиын жағдайға тіреген кезде де, Вашингтон өз мақсаттарына жету үшін мүмкіндігінше қарсыластары мен жауларына санкция салуды жалғастырды. Байден үкіметі, Трамп үкіметі сияқты, бәсекелес немесе Вашингтонға қарсы елдерге қарсы санкциялық ұстанымын жалғастырды. АҚШ мейілінше қысым көрсету аясында Иранға тарихтағы ең қатаң санкцияларды салумен қатар, Ресей, Қытай, Венесуэла, Куба, Сирия және Солтүстік Корея сияқты елдерге көптеген біржақты санкциялар салды. Тахтраванчи бұл туралы: «Біз кейбір үкіметтердің санкцияларды екіжақты қарым-қатынастарында саяси құрал ретінде пайдалануын   қатаң айыптаймыз. ИИР жер сілкінісі, құрғақшылық, шаң және құм дауылдары сияқты ресурстарымызды сарқып жіберетін әртүрлі табиғи апаттарға ұшыраған ел ретінде заңсыз біржақты санкциялардан айтарлықтай зардап шекті»,- деді.

АҚШ санкциялары белгілі себептерге қарамастан әртүрлі саяси, коммерциялық, қауіпсіздік, тіпті адам құқықтарына қатысты сылтаулармен басқа елдерге, әсіресе бәсекелестеріне немесе қарсыластарына салынғанымен, бұл тәсілді жалғастырудың негізгі себебі Вашингтонның мүдделерін көздеу болып табылады.

БҰҰ АҚШ-ты, әсіресе COVID-19  пандемиясы кезінде біржақты санкциялар салғаны үшін бірнеше рет сынға алды және негізгі   медициналық және фармацевтикалық заттарға қол жеткізуді жеңілдету үшін оларды алып тастауға немесе азайтуға шақырды. Біржақты әрекеттің теріс әсері жөніндегі БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Елена Дохан: «Біржақты санкциялар БҰҰ беделіне нұқсан келтіреді, халықаралық ынтымақтастық пен заң үстемдігі саласына алаңдаушылық тудырады»,- деді.

АҚШ пен Батыс елдерінің біржақты санкцияларының жойқын әсерлерін ескере отырып, бұл шараларды айыптау, сондай-ақ  осы санкцияларға қарсы халықаралық коалиция құруды біріктіретін әрекет қажет. Сөйтіп, Батыс, әсіресе АҚШ өзінің адамгершілікке жатпайтын және заңсыз көзқарасын қайта қарауға мәжбүр болады.