Теһран Астанамен ынтымақтастық деңгейін жоғарылатуға дайын
(last modified Thu, 27 Apr 2023 13:47:02 GMT )
Сәу 27, 2023 19:47 Asia/Almaty
  • Теһран Астанамен ынтымақтастық деңгейін жоғарылатуға дайын

Иран – Қазақстанның Парсы шығанағы аймағындағы ең маңызды серіктесі.

Иран Вице-президенті Теһран мен Астананың ынтымақтастығын дамыту үшін жан-жақты жол картасын дайындау керегін айтып, Иран Қазақстанмен ынтымақтастық деңгейін жоғарылатуға толық дайын екенін мәлімдеді.

Iran Press ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран Вице-президенті Мұхаммед Мохбер сәрсенбі күні Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайыловпен кездескеннен кейін өткен баспасөз отырысында: "Қысқа уақыт ішінде Иран мен Қазақстан басшыларының үш рет кездесуі – Теһран-Астана қарым-қатынасын дамытуға демеу болатын маңызды да теңдессіз тақырып",-деді.

Иран Вице-президенті екі елдің тасымал, транзит, энергетика, өнеркәсіп, кен және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастығына тоқталып: "Иран бөгет салу, электр стансаларын салу, медициналық құрал-жабдықтар шығару, денсаулық сақтау, іргелі ғылымға негізделген өндіріс салаларында тәжірибесі мол. Осы тәжірибені Қазақстанмен бөлісуге, осы салаларда әріптестік деңгейін жоғарылатуға дайын",-деді.

Мохбер Теһран мен Астана арасында мәдени ынтымақтастықты дамыту керегін айтып, екі елдің туризм саласындағы ауқымды әлеуеттеріне тоқталып: "Тікелей әуе рейстерін ашып, туристік тартымдылықтар қалыптастыру арқылы екі елдің туристеріне өзара сапарлауға жағдай жасау керек",-деді.

Ол сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты аймақтық әлеуеттерге тоқталып: "Осы әлеуеттерге сүйене отырып, екі елдің компаниялары мен жеке секторына сауда жасауды жеңілдету арқылы өзара сауда қатынасын дамытуымыз керек",-деді.

Иран Вице-президенті Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің маңыздылығын ескеріп, тауар тасымалы туралы аймақтық келісім жасалғанына тоқталып: "Тарифтерді бірыңғайландыру және осы саланы тиімді пайдалану арқылы негізгі тауарлар, әсіресе бидай свопы саласында сауда айналымын арттырумен қоса, әлемде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көшбасшы бола алады",-деп үміттенді.

Қазақстан Премьер-министрі де осы отырыста Иран Вице-президентінің екі ел ынтымақтастығының жан-жақты жол картасын дайындау ұсынысын қолдап: "Иранмен тату көршілестік қатынасты дамыту – Қазақстан сыртқы саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Өткен жылы Қазақстан Президентінің Теһранға сапары екі елдің қарым-қатынасында бетбұрыс нүктесі болды. Иран Президентінің Қазақстанға болашақтағы сапары өзара қарым-қатынаста шынайы серпіліс тудырады",-деді.

Әлихан Смайылов Иранды Қазақстанның Парсы шығанағы аймағындағы ең маңызды сауда серіктестерінің бірі деп атап: "Қазіргі таңда Қазақстанда 70-тен аса ирандық компания жұмыс істейді. Иран мен Қазақстан арасындағы сауда айналымының көлемі 3 млрд долларға жету үшін Астана Теһранмен барлық салаларда әріптестікті дамытуға дайын",-деді.

Әлихан Смайылов ирандық компанияларды Қазақстанда жұмыс істеуге шақырып: "Қазақстан ирандық компаниялардың энергетика, өнеркәсіп, кен және тасымал салаларында жұмыс істеуін қолдайды",-деді.