Ақп 05, 2024 21:42 Asia/Almaty
  • Ислам революциясының жетекшісі: Сайлауға белсенді қатысу ұлттық айбын мен қауіпсіздікті кепілдендіреді

Ислам революциясының жетекшісі: "Хавас – түсінігі мол тұлғалар сайлаудың белсенді өтуіне атсалыса алады. Белсенді сайлаудың нәтижесі ұлттық беделдің артуы болмақ",-деді.

Ислам революциясы жетекшісінің кеңсесі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аятолла Хаменеи бүгін таңертең Иран армиясының әуе күштері мен әуе қорғаныс күштерінің қолбасшылары және қызметкерлерінің бір тобымен кездесуінде х.ш.ж.с.б. 1357 жылы 19 бахманда бірқатар ұшқыштың имам Хомейниге(р) адалдықтарын жариялауын революцияны тездеткен оқиға деп атап, кейбір адамдардың (жағдайды дұрыс түсініп, уақытында батыл әрекет еткен адамдардың) революцияны жеделдетудегі рөлін түсіндіре келіп: "Революцияның мақсаттарын орындау үшін тиісті қарқын тудыруда хавас-түсінігі мол тұлғаларға ауыр міндет артылған",-деді.

Аятолла Хаменеи сондай-ақ 11 есфандта өтетін сайлауға халықтың барынша белсенді қатысуын ұлттық айбын мен қауіпсіздікті кепілдендіретін фактор деп атап: "Алланың қолдауымен Иран халқы 22 бахман шеруіне кең түрде қатысып, революцияны қорғап, имам Хомейниге(р) адалдықтарын білдіреді",-деді.

Иран Қарулы күштерінің бас қолбасшысы 46 жыл бұрын 19 бахманда әуе күштерінің қызметкерлері мен ұшқыштарының бір тобының имам Хомейниге(р) адалдық білдіруін ғибратқа толы оқиға деп атап: "Әуе күштері жанпидалық пен батылдық танытып, революцияға қосылуға алғаш қадам жасады. Кейінгі күндері олар Теһрандағы әскери орталықта шах гвардиясының шабуылына төтеп беріп, халыққа үміт сыйлап, жастарды ынталандырып, 22 бахманда революцияның жеңіске жетуін жеделдетті",-деді.

Аятолла Хаменеи революция жеңіске жеткеннен кейін әуе күштерінде өзін-өзі қамтамасыз ету джиһады құрылғанын айтып: "Биік рух пен батылдық әуе күштерінің өзін-өзі қамтамасыз ету джиһадын құруда да көшбасшы әрі жеделдетушіге айналуына себеп болды",-деді.

Аятолла Хаменеи шах кезіндегі әуе күштерінің басқару, саясатты белгілеу, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету тұрғысынан толығымен АҚШ-қа тәуелді болғанын айтып: "Революцияшыл мүмін мамандар өзін-өзі қамтамасыз ету джиһадын бастап, әуе күштерін АҚШ-тың қол астынан шығарып, толығымен ирандық күшке айналдырып, өзінің өзгеріс тудыра алатын көшбасшылық қабілетін көрсетті",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі түсінігі мол тұлғаларды шынайы үдеткіштер деп атап: "Хавас дегенде адамның аты мен заты ғана назарға алынбайды. Олар барлық әлеуметтік топта және кәсіп түрлерінде дұрыс түсінік пен танымға ие болып әрекет етіп, жалған ақпаратты назарға алмай, бар күшімен батыл әрі уақытында өз міндетін атқарады",-деді.

Аятолла Хаменеи: "Университет қызметкерлері, студенттер, саясаткерлер, діни қызметкерлер, базаршылар, медиа өкілдер, әскери қызметкерлер мен басқа да әлеуметтік топтар арасында кімде-кім досты дұшпаннан айырып, мәселелерді дұрыс түсініп әрекет етсе, сол "хавастың" қатарына жатады",-деді.

Аятолла Хаменеи дұшпандардың хавас үшін арнайы бағдарламасы барын айтып: "Дұшпанның мақсаты – түсінігі мол тұлғаларды (хавас) күдік-күмәнға батырып, дүниенің тәтті-дәмдісіне алдандырып, маңызды да қысылтаяң шақтарда тиісті әрекет жасай алмауына, үдеткіш рөлін атқара алмауына әкеліп соқтыру",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі хавастың міндетін шындықты тура баяндау,  күдікті сөздер айтудан және екі жақта ойнаудан бас тарту деп атап: "Қазіргі таңда ислам әлемінде діни үлемдер, ғалымдар, саясаткерлер мен медиа өкілдер арасындағы түсінігі мол тұлғалар үшін шынайы майдан – Газа мәселесі",-деді.

Аятолла Хаменеи АҚШ-тың сионистік режимді қолдауы салдарынан Газа секторында гуманитарлық апат болып жатқанына тоқталып, сионистік режимге жойқын соққы беру үшін өз үкіметтеріне қоғамдық талаптар қою мақсатында мұсылман халықтарға ақиқатты түсіндіруді хавастың маңызды міндеті деп атап: "Жойқын соққы сионистік режиммен соғысу деген мағына бермейді, сионистік режиммен экономикалық қатынасты тоқтату дегенді білдіреді",-деді.

Аятолла Хаменеи халықтарда өз үкіметіне қысым жасап, сионистік режимді қолдауын тоқтата алатын күш барын айтып: "Бұл зұлым режим балалар, әйелдер мен науқастарға шабуылдап, 20 мыңнан аса адамды өлтірсе де, кейбір ислам елдері оған экономикалық көмек беріп отыр. Тіпті олардың кейбірі сионистік режимге қару-жарақ береді деседі",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі маңызды ішкі мәселелерге тоқталып, есфанд айында өтетін сайлауда түсінігі мол тұлғалар (хавас) маңызды рөл атқара алатынын айтты.

Ислам революциясының жетекшісі сайлау қаншалықты белсенді өтсе, ұлттық күш-құдірет пен қауіпсіздік соншалықты көрсетіліп, қамтамасыз етілетінін айтып: "Халық саяси сахнада белсенді болып, жүйенің күш-қуаты көрсетілсе, дұшпанның қоқан-лоқысы залалсыздандырылады. Өйткені ұлттық айбын мен құдірет ұлттық қауіпсіздікті тудырады",-деді.

Аятолла Хаменеи 22 бахман – Ислам революциясының жеңіске жеткен күнінің жақындап қалғанына тоқталып: "45 жыл бойы халық қалалар мен ауылдардың барлығында бірде-бір үзіліссіз шеруге шығып, ұрандатып, өз революциясын қорғап, имам Хомейниге (р.) адалдықтарын жариялап келді. Биыл да, бұйырса, Иран халқы ұлттық айбынның белгісі ретіндегі 22 бахман шеруіне белсенді қатысады",-деді.

Тегтер