Иранның жаңалықтарына шолу: Іргелі ғылымға негізделген компаниялар 20 пайызға өсті, "Иранның білім беру саласындағы тартымдылықтары" көрмесі өтеді
Теһран-Бейжің қарым-қатынасын дамыту керек. Иран сионистердің қылмыстарын тоқтату үшін ислам елдерінің барлық әлеуеттерін пайдалану керегін айтты. Іргелі ғылымға негізделген компаниялар дамып жатыр. Иран ормандарының аумағы арттырылып жатыр. Осының барлығы өткен бірнеше күнде Иранның ең маңызды саяси-экономикалық оқиғалары болды.
BRICS пен ШЫҰ қалыбында Теһран-Бейжің қарым-қатынасын дамыту керегі айтылды
Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран мен Қытайдың делегациялары Ресейде BRICS-ке мүше елдердің Сыртқы істер министрлерінің отырысында екіжақты, аймақтық және халықаралық тақырыптарды талқылап, Теһран-Бейжің қарым-қатынасын дамыту туралы сөйлесті.
Иран СІМ-нің жетекшісі Әли Бағери Кани мен Қытай Сыртқы істер министрі Ван И осы кездесуде екіжақты қарым-қатынасты дамыту керегін баса айтты.
Иран СІМ-нің баспасөз өкілі Израильге санкция салу керегін айтты
Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран СІМ-нің баспасөз өкілі Насер Канани сионистік режимнің Газадағы палестиналықтарға 245 күн бойы үздіксіз шабуыл жасап, әйелдер мен балаларды өлтіріп жатқанына тоқталып, сионистік режимнің тауарларына байкот жариялауды басқа мемлекеттер мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің әрекетсіздігіне қарсы ең әсерлі шара деп атады.
Иран – тамақтану өнеркәсібіне қатысты халықаралық бәсекелестікте байсалды ойыншы
Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иранның сауданы дамыту ұйымы басшысының халықаралық іскерлікті арттыру бойынша орынбасары сейіт Мұхаммедсадық Қаннадзада халал өндіріс бойынша ортақ әріптестікті дамыту керегін айтып, Иранды тамақтану өнеркәсібіне қатысты аймақтағы басты ойыншылардың бірі деп таныстырды.
Қаннадзада халал тамақ өндірісінің тек мұсылман елдерге тиесілі емес екенін, мұсылман емес елдердің көбінде халал өнімдер тұтынылатынын айтып: "Бұл "халал" деген ұғымның әлемде өз орнын тапқанын көрсетеді",-деді.
Иран ормандарының аумағы арттырылып жатыр
Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Дүниежүзілік банкі соңғы екі онжылдықта Иранның орман жамылғысының 15%-ға артқанын және Иран ормандары аумағының 10,7 миллион гектардан асқанын хабарлады.
Дүниежүзілік банк жариялаған жаңа статистикаға сәйкес, әлемде ормандар қорқынышты қарқынмен жойылып барады. Иран қазіргі таңда орман алқаптарын дамытуда жетекші елдердің қатарында.
Іргелі ғылымға негізделген компаниялар 20 пайызға өсті
Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Иран Президентінің ғылыми істер жөніндегі орынбасары Реза Асадифәрд іргелі ғылымға негізделген компаниялардың 20 пайызға өскенін хабарлап: "Осы өсімнің арқасында бұл компаниялар 400 мыңнан астам адамға жұмыс орнын ашып, қаржы айналымын 600 мың млрд-қа жуық тұманға жеткізді",-деді.
"Иранның білім беру саласындағы тартымдылықтары" атты алғашқы көрме өтеді
Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 2024 жылы 8-11 қазан аралығында Теһранның имам Хомейни (р.) атындағы "Мосалла" кешенінде "Иранның білім беру саласындағы тартымдылықтары" атты алғашқы көрме өтеді.
"Иранның білім беру саласындағы тартымдылықтары" атты алғашқы көрме өткізудің мақсаты – экожүйені қалыптастыру, шетелдік студенттерді тарту саласындағы барлық ойыншыларды белсендіру және таныстыру.
Осы көрме аясында Ұлттар мен ұлыстар мәдениетінің халықаралық фестивалі және Білім сарайының өнер фестивалі өтеді.