Шіл 18, 2024 20:58 Asia/Almaty
  • Бақери CNN тілшісіне Батыс Азия, Иран және Америка туралы сұрақтарына жауап берді

Иран Ислам Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы америкалық CNN арнасына берген сұхбатында Фарид Закарияның Иран, Батыс Азия және әлем туралы сұрақтарына жауап берді.

ИИР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әли Бақери Кани CNN телеарнасының GPS бағдарламасының жүргізушісі Фарид Закарияға берген сұхбатында сионистердің өткен 9 ай ішінде Газада жасаған қылмыстарының жағдайды ешқашан олардың пайдасына бұра алмағанын баса айтты.

Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Бақери Кани осы сұхбатында сионистердің қылмыстары көбейген сайын жағдай соғұрлым олардың зиянына қарай өзгеретінін мәлімдеді.

ИИР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы осы сұхбатта Фарид Закарияның қарсыласу осінің әрекеттері және Израиль режимінің әрекеттеріне  жауап қайтару туралы сұрағына былай деді:

«7 қазанға дейін Ирактан немесе Йеменнен израильдіктерге ешқашан қауіп төнген жоқ, бірақ 7 қазаннан кейін бұл орын алды. 7 қазанға дейін Иран Ислам Республикасы тарапынан сионистік режимге қарсы ешқашан тікелей қоқан-лоққы болған емес. Бірақ сионистер Дамаскідегі Иран елшілігіне шабуыл жасап, бірнеше жоғары дәрежелі ирандық қолбасшыны шәһид еткеннен кейін, олар басып алынған жерлердің ішінде ирандық зымырандарды қабылдауға мәжбүр болды. Сондықтан осы 9 ай ішінде сионистердің қылмыстары жалғасқан немесе күшейген сайын оларға қарсы қоқан-лоққылар ашығырақ бола түсті».

 

Бақери Кани  Израильдің Ливанға қарсы қоқан-лоққыларына сілтеме жасап, америкалық журналистің аймақтағы соғыс ықтималдығы туралы сұрағына Иран Ислам Республикасының аймақтағы шиеленістің күшеюін және қақтығыстың Газадан сыртқа таралуын ешқашан құптамағанын баса айтып:

«Қақтығыстар мен шиеленістерді аймақтың басқа жерлеріне тарату - стратегиялық қателік, ол сионистерге пайда әкелмен түгіл, оларды үлкен қауіп-қатерге душар етеді»,- деді.

Иранның Палестинаға қатысты «екі мемлекетті шешім» мәселесіне көзқарасы Фарид Закарияның  Бақери Каниге қойған тағы бір сұрағы болды.

ИИР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы бұл сұраққа жауап беріп, өз болашағын шешуге тек Палестина халқының құқығы бар екенін баса айтып:

«Иранның ұсынысы – бүкіл Палестина халқының қатысуымен референдум өткізу. Қазір басып алынған аумақтардың ішінде жүргендер немесе сионистердің қысымы салдарынан басып алынған жерлерді тастап кетуге мәжбүр болғандар, мұсылмандар, христиандар немесе еврейлер осы референдумға қатысып, елдің болашағы туралы шешім қабылдаулары керек»,- деп айтты.

Бақери Кани Палестинаны «импортталған еврейлерге» емес, өзінің бастапқы иелеріне тиесілі деп:

«Неліктен Нью-Йоркте, Вашингтонда, Брюссельде немесе әлемнің кез келген жерінде Палестина халқына қатысты шешімдер қабылдануы керек? Мұндай құқықты басқаларға кім берді? Палестина халқы Нью-Йоркте отырғандарға олар үшін шешім қабылдауға осындай құқық берді ме? Палестина халқының өз болашағын өзі шешуіне неге мүмкіндік бермейміз? Иранның пікірінше, бұл ең қисынды, демократиялық және тұрақты шешім»,- деп сөзін жалғастырды. 

Осы сұхбатта ИИР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа қарсы террорда Иранның қатысы бар деген және оның АҚШ-тың генерал Сүлейманиді өлтіру лаңкестік әрекетімен байланысы туралы сұраққа, алдымен бұл уәжді жоққа шығарып:

«Иран Ислам Республикасы өз құқықтарын қорғау және Сардар Сүлейманиге жасалған қастандықтың қолбасшылары, орындаушылары мен агенттерін жауапқа тарту үшін ішкі және халықаралық құқықтық және сот механизмдерін пайдаланды және қолдана береді»,- деді.

Фарид Закария Иран Сыртқы істер министрінен сұраған басқа тақырыптардың қатарында «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы және Иранның бейбіт ядролық әрекеттері болды.

Әли Бақери Кани  осы сұхбатында американдық журналистің ядролық келіссөздерді қайта бастау мүмкіндігі және американдықтардың Иранмен жаңа келісімге келу ниеті туралы сұрағына жауап беріп, Теһран ешқашан Америкамен жаңа келісімге ұмтылмайтынын баса айтып:

«Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасы Иран мен 5+1 келісімімен аяқталды, бірақ Америка бұл келісімнен шығып, оған соққы берді»,- деді.

ИИР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы бұдан әрі Иранның әлі де ортақ келісімнің мүшесі екенін айтып, былай деп қосты:

«Әзірге Америка «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қайта орала алмады, сондықтан біздің көздеп отырған мақсат – 2015 жылғы келісімді қайта жандандыру».

Ислам революциясының жетекшісі имам Хаменеидің ядролық қаруды өндіру мен қолдануға тыйым салуға қатысты пәтуасы Фарид Закарияның сұрақтарын көтерген басқа мәселелердің бірі болды.

Бақери Кани осыған байланысты Иран басшылығының әрі ең жоғарғы діни билік, әрі Иран үкіметінің ең жоғарғы билігі екенін баса айтып:

«Олар шығарған бұйрық пен пәтуа үкіметтің барлық құрамдас бөліктері үшін міндетті және оны ешкім бұза алмайды»,- деді.

Осы сұхбатында Иран Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы да Иран-Сауд Арабиясы қарым-қатынастары және Сауд Арабиясы тақ мұрагерінің Иранға ресми сапармен келу келісімі туралы сұраққа жауап берді:

«Екі ел басшыларының Теһран мен Эр-Риядқа сапары үшін екі тарап арасында келіссөздер жүргізіліп, бұл мәселе екі елдің сыртқы істер министрліктерінің күн тәртібінде тұр».

Тегтер