Имам Хаменеи: Достар Иранның қорғаныс күшін мақтан тұтады, ал жаулар одан қорқады
ParsToday - Имам Хаменеи қорғаныс саласындағы ілгерілеушіліктердің инновациялық жалғасуына тоқталып, биылғы 22-ші бахман шеруін халық көтерілісі және дұшпанның ақпарат құралдарының бомбалауы астындағы ұлы ұлттық қозғалыс деп атады және халыққа деген шынайы ризашылықпен: «Ұлт өзінің бірлігін, дұшпанның қайта-қайта қоқан-лоққыларына қарамастан ирандықтардың болмысын, мінез-құлқын, күші мен төзімділігін көрсетті»,-деді.
ParsToday ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Ислам революциясының жетекшісі сәрсенбі күні таңертең ғалымдар, қайраткерлер және қорғаныс өнеркәсібі мамандарымен кездесуінде халық пен елдің қауіпсіздігін қорғау мәселесін өте маңызды деп атап: «Иранның қорғаныс күші бүгінде белгілі, революция достары мұны мақтан тұтады, дұшпандары одан қорқады және бұл шындық бір ел үшін маңызды»,- деп айтты.
Аятолла Хаменеи жаһандық бұзақылардың Иранға елге қажетті қорғаныс заттарын тіпті бірнеше есе қымбат бағамен сатпайтын дәуіріне тоқталып: «Қазір де сол баяғы бұзақылар Иранға әскери техниканы сатпаңдар дейді. «Сатпаймыз» мен «сатпағдар» дегеннің арасында ғалымдардың талпынысы мен жас мамандардың білікті ақыл-ойының арқасында үлкен алшақтық бар»,- деп мәлімдеді.
Ол жаудың үнемі санкцияларына қарамастан қорғаныс саласындағы жетістіктерді елеулі деп бағалап: «Иранның қорғаныс өнеркәсібіндегі жағдай келесідей: бізге әр құрал-жабдықты бермейді, ал жастар ең жақсыларын өз елінде шығарады»,- деді.
Қарулы Күштердің Бас қолбасшысы сөзінің тағы бір бөлігінде қорғаныс өнеркәсібіндегі ілгерілеуді жалғастырудың қажеттілігі мен талаптары туралы ойларын ортаға салып, былай деді: «Қорғаныс өнеркәсібіндегі ілгерілеушілік біздің қорғаныс күш-қуатымыздың әлемдегі рейтингін жоғарылатты, бірақ бұл тоқтау және қазіргі жағдайға қанағаттану дегенді білдірмейді».
Ол әскери алдыңғы шепке жетуді Құрандағы: «Олар үшін қолыңнан келгенше күш дайында», яғни жауға қарсы барынша және үздіксіз әзір болу және елді арам пиғылдылардан қорғау қажеттігі деп санап, «Барлық әскери салаларда ілгерілеу жалғасуы керек» деп қосты.
Имам Хаменеи шынайы ілгерілеуді жаңашылдыққа және жас, иманды, революциялық, білімді, қабілетті және дарынды күштерді пайдалануға байланысты деп санап: «Иман адамға күш пен қуат беріп, оны тура жолда ұстайды, ал революцияшыл болу да Ислам революциясының нығметтерінің арқасында елде жасалған үлкен саяси және әлеуметтік өзгерістерге сенуді білдіреді»,- деп айтты.
Осы кездесудің алдында Жоғарғы Көшбасшы аятолла Хаменеи бір сағат бойы елдің қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ғалымдар мен мамандардың соңғы жетістіктері мен мүмкіндіктері қамтылған «Эқтедар 1403» көрмесін аралады. Бұл көрмеде әуе шабуылына қарсы қорғаныс, баллистикалық және қанатты зымырандар, ақылды оқ-дәрілер, ғарыш, ұшқышсыз ұшақтар мен ұшақтар, теңіз кемелері, энергетика салаларында қолданылатын озық жабдықтар мен жаңа технологиялар көрсетілді.
Ғалымдар, шенеуніктер және қорғаныс өнеркәсібі мамандарымен бірге көрмені тамашалаған аятолла Хаменеи хазірет Мәһдидің (ғ.с.) туған күнімен құттықтап, шағбан айының ортасын шын мәнінде дүниежүзілік және адамзаттық мереке деп атап: « Әділдіктің сүйінші хабары, әділдік орнайды деген үміт, Құтқарушының келуі тарих бойы адамзаттың мәңгілік тілегі болды және бұл тілегі сөзсіз орындалады»,- деп баса айтты.
Ол 22-ші бахман Иран халқы үшін ұлы әрі тарихи мереке деп санап, осы өзгеріс күнімен құттықтап: «Ұлттың 46 жылдан кейін көшеге шығып, өз революциясының мерейтойын тойлауы ешбір революцияда болмаған»,- деді.
Аятолла Хаменеи сондай-ақ дұшпанның революция иелеріне, атап айтқанда Иран халқына және 22-ші бахман қаһарманы имам Хомейниге қарсы тынымсыз үгіт-насихат шабуылын еске түсіріп, былай деп қосты: "Осындай жағдайда халық барлық қалалар мен елді мекендерде өз көзқарастарын білдірді".