Иран - әзірбайжандықтардың екінші отаны; Пезешкиан Әзірбайжанмен мызғымас байланыс туралы айтты
(last modified Mon, 28 Apr 2025 12:02:11 GMT )
Сәу 28, 2025 18:02 Asia/Almaty
  • Иран - әзірбайжандықтардың екінші отаны; Пезешкиан Әзірбайжанмен мызғымас байланыс туралы айтты

ParsToday - Иран Ислам Республикасының президенті Әзірбайжанға ресми сапары алдында осы елдің мемлекеттік телеарналарымен сөйлесті.

ParsToday ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, ИИР президенті Масуд Пезешкиан жексенбі күні Әзірбайжан мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында екі елдің терең тарихи, мәдени және діни байланыстарына тоқталып: «Иран әзірбайжандықтардың екінші отаны және біз Әзірбайжанда ешқашан өзімізді бөтен сезінбейміз»,- деді. Әзірбайжан халқына деген сүйіспеншілігін білдіре отырып, ол экономикалық, мәдени, ғылыми және саяси салалардағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға күш салатынын мәлімдеді.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен алдағы кездесуіне тоқталған Пезешкиан әңгімеде стратегиялық мәселелердің, соның ішінде энергетика саласындағы ынтымақтастық пен Астара-Астара теміржолы сияқты транзиттік бағыттарды дамытудың күн тәртібінде тұрғанын айтты.

Ол Иранның елдердің аумақтық тұтастығын құрметтейтінін және Әзірбайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік процесін қолдайтынын баса айтты.

ИИР Президенті сондай-ақ парламенттік, ғылыми және мәдени ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталып: «Біз Әзірбайжан Республикасымен кез келген ынтымақтастыққа дайынбыз және ортақ іс-шараларға ешқандай шектеулер жоқ» деді.

Шахриардың «Гейдар баба» поэмасының бір бөлігін оқып, ол өзінің әзірбайжан мәдениетіне жақындығын көрсетіп: «Біз Әзірбайжандағы бауырларымызды жан-тәнімізбен жақсы көреміз»,- деп қосты.

Пезешкиан екі ел арасындағы өткен оқиғалар туралы сұраққа жауап ретінде ойластырылмаған әрекеттердің екі жақты қарым-қатынастарға әсер етуінің алдын алу қажеттігін баса айтып: «Кейбіреулердің принципсіз әрекеттерінің бауырластық қарым-қатынасымызға нұқсан келтіруіне жол бермеуіміз керек»,-деді.

Ол сондай-ақ Иран мен Әзірбайжанның БРИКС және Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық форумдардағы өзара қолдауын құптап, оны аймақтық ынтымақтастықты нығайту жолындағы қадам деп бағалады.  

Әңгіме Пезешкианың Бакуге сапары қарсаңында болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл сапар екі көршінің қарым-қатынасын нығайтуға және аймақта тұрақтылық орнатуға бетбұрыс болуы мүмкін.