Иранның аға дипломаты: Ауғанстанның қауіпсіздігі аймақтық қауіпсіздікке тікелей байланысты
ParsToday - Иран Сыртқы істер министрлігінің Оңтүстік Азия елдерінің бас директоры «Мәскеу форматы» отырысында аймақтық қарым-қатынастардың нығаюына тоқталып: «Ауғанстанның қауіпсіздігі аймақтық қауіпсіздікке тікелей байланысты және лаңкестік топтардың әрекетін жалғастыру аймақтағы барлық елдерге ортақ қауіп болып табылады»,- деді.
«Мәскеу форматы» отырысы сейсенбі күні Мәскеуде Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың сөз сөйлеп, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен өтті. Қатысушылар Ауғанстандағы соңғы оқиғалар мен елдегі гуманитарлық және қауіпсіздік жағдайын жақсартуға көмектесу жолдары туралы өз ойларын ортаға салды.
Ауғанстандағы және көршілес елдердегі кез келген шетелдік әскери инфрақұрылымға қарсылық, лаңкестікпен жан-жақты күресу, саяси көзқарассыз гуманитарлық көмек көрсету, ауған халқының дүние-мүлкін босату және аймақтық интеграцияны нығайту Мәскеу кездесуінің маңызды тақырыптарының бірі болды.
ParsToday ақпарат агенттігінің IRNA-ға сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігінің Оңтүстік Азия бойынша бас директоры Мұхаммад Реза Бахрами осы кездесуде аймақтық қарым-қатынастарды нығайту қажеттілігіне тоқталып: «Теһран аймақтық өзара іс-қимылдарды нығайтуға, екіжақты мәселелерді шешуге және әсіресе экономика және қауіпсіздік салаларында екіжақты және көпжақты ынтымақтастыққа қарай жылжу үшін сындарлы диалогтардың маңыздылығын атап көрсетеді»,- айтты.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ауғанстан бойынша Мәскеу форматындағы жетінші консультативтік кездесуде сөйлеген сөзінде: «Ресей Ауғанстан аумағында, сондай-ақ көршілес елдердің аумағында үшінші елдердің әскери инфрақұрылымын кез келген сылтаумен орналастыруға абсолютті жол берілмейтінін тағы да қайталайды» ,- деді.
Ресей Сыртқы істер министрі былай деп қосты: «Батыс елдері Ауғанстанмен бетпе-бет келуді және қарсы тұруды тоқтатып, осы елдің қалпына келтіру жауапкершілігін мойындауы керек».
Мәскеу кездесуінде төрт мәселе талқыланды: Ауғанстан халқына қандай да бір саяси көзқарастарсыз гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастырудың маңыздылығы; елдің тыйым салынған активтерін шығару; лаңкестікпен жан-жақты күресу және аймақтық елдердің мәселелерін шешу қажеттілігі; және Ауғанстандағы және көршілес елдердегі кез келген жаңартылған шетелдік әскери қатысуға қарсылық.