Қазақстан Президенті халықтың сенімі үшін алғыс білдірді
Қазақстанның парламенттік сайлауында Нұр Отан партиясы жеңіске жеткеннен кейін Елбасы халықтың осы партияға тағы да сенім білдіріп, Мәжілістегі ең көп орындарды осы партияның ықтиярына бергені үшін алғыс білдірді.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы парламенттік сайлаудың ашық әрі тыныш кеңістікте өткенін айтып, халықтың Нұр Отан партиясына тағы сенім білдіргені үшін алғыс айтты.
Қазақстанның 20 наурыз күні өткен кезектен тыс парламенттік сайлауында елдің 6 партиясы осы бәсекеге қатысу үшін 234 үміткер ұсынды. Үміткерлердің арасынан 107 адам үшін халықтың дауыс беруімен елдің заң шығару органына жол ашылды. Қазақстан халқы ассамблеясы ел Мәжілісіне 9 депутат сайлайды.
Қазақстанның ұлтаралық келісімінің үлгісі саналатын сайлаудың осы өзгешелігі Орталық Азиядағы аталмыш республиканың сайлау жүйесін басқа елдерден ерекшелендіріп тұр.
Осы арада Қазақстан халқы ассамблеясында орыстар мен басқа да орыс тілді ұлттардың ерекше орынға ие болуы ел үшін маңызды мәселе болып табылады. Бұл жағдай Мәскеу мен Астананың жан-жақты ынтымақтастығына әсер ететіні сөзсіз.
Шындық мынада: Қазақстанның 20 наурыз күні өткен кезектен тыс парламенттік сайлауы елдегі кезектен тыс өткізілген алғашқы әрі соңғы сайлау емес. Әсіресе, кейбір қазақстандық бақылаушылардың пікірінше, Қазақстандағы кезектен тыс сайлау Астана қайраткерлерінің түрлі дағдарысты жағдайларға қатысты тактикасы деп аталған бір саяси дәстүрге айналған.
Қазір халықаралық экономикалық жағдай нашарлап, мұнай мен басқа да энергия көздерінің бағасы айтарлықтай төмендегеннен кейін Қазақстан қоғамында экономикалық дағдарыстың өрістеуіне қатысты алаңдаушылық артып, ұлттық валютаның басқа шетелдік валюталарға шаққандағы құны төмендеп барады. Сол себепті үкімет алдын алу шараларын қолданып, құрылымдық реформаларды жалғастыруды қуаттап отыр. Сондай-ақ, кезектен тыс президенттік және парламенттік сайлау өткізу арқылы бұқара халықтың сенім деңгейін байқаумен қатар, үкіметтік шешімдердің көмегімен алаңдатарлық экономикалық жағдайларға алдын ала дайындық жасауды көздеп отыр.
Кейбір мамандардың пайымдауынша, парламенттік сайлаудың осы кезеңі өз уақытында, яғни 2016 жылдың соңында өткізілген болса, Қазақстанда кейбір саяси наразылықтар мен қоғамдық тұрақсыздықтар туындауы мүмкін еді. Оған қоса, аймақтағы лаңкестік пен әсірешілдіктің өрістеуіне бет бұрған жағдай Қазақстан халқы мен қайраткерлерінің алаңдаушылықтарын арттырып отыр.
Сол себепті Қазақстандағы кейбір саяси орталардың пікірінше, кезектен тыс сайлау өткізу шешім қабылдаудың барлық деңгейіндегі қайраткерлердің өзгеруі мен тезірек әрекет етуіне себеп болады. Бұл өз кезегінде елдегі түрлі саяси топтардың бірлігін нығайтып, шетелдік экономикалық тұрақсыздық пен күн сайын артып келе жатқан аймақтық қауіп-қатерлердің Қазақстанның қауіпсіздігіне ықпал етуіне тосқауыл бола алады.
Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы кезектен тыс парламенттік сайлаудың нәтижелері жарияланып, осы кезеңде өз партиясының жеңіске жеткені белгілі болғаннан кейін халыққа сайлауға қатысып, дауыс бергені үшін алғыс білдіріп, өзі және Қазақстан үкіметі мен қайраткерлерін қоғамның экономикалық, әлеуметтік және қауіпсіздік қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жауапты деп атады.