Алматыда ақын Дәуірбек Дүйсебайдың жаңа кітабының таныстырылымы өтті
(last modified Sun, 08 Aug 2021 14:49:45 GMT )
Там 08, 2021 20:49 Asia/Almaty
  • Алматыда ақын Дәуірбек Дүйсебайдың жаңа кітабының таныстырылымы өтті

5 тамызда Алматының Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында ақын Дәуірбек Дүйсебайдың «Саңылаудан түскен нұр» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Әдеби кешті Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан өткізді. Ақын Ержан Алаштуған сөз сөйлеп, Жазушылар одағы атынан алғысхат табыс етті. Бұл кітаптың бір бөлімінде ақынның әр жылдарда парсы тілінен қазақ тіліне аударған өлеңдері басылған.

Қысқаша ғұмырнама

Дүйсебай Дәуірбек Құдабайұлы 1977 жылы 8 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Алматы қаласындағы №2 Республикалық қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернаттың түлегі.

2000 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетін, 2020 жылы М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетін тәмамдаған. Мамандығы: шығыстанушы, халықаралық заңгер.

2001-2006 жылдар кезеңінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде аспирантурада оқып, оқытушы-тағылымгер, ассистент, оқытушы, аға оқытушы қызметтерін атқарған.

2006-2007 жылдары Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында аға ғылыми қызметкер лауазымында болды.

2007 жылдан бері еліміздің сыртқы саясат мекемесінде, Қазақстанның Ирандағы елшілігінде атташе, кеңсе меңгерушісі, үшінші хатшы, екінші хатшы, бірінші хатшы, кеңесші және басқарма басшысы болып жұмыс істеп келеді.

Өлеңдері мен мақалалары «Ұлан», «Ақжелкен», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақ әдебиеті», «Жалын», «Жас қазақ үні», «Тұмар», «Жамбыл», «Үркер», «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Айқын», «Қызмет» және т.б. республикалық, өңірлік басылымдарда басылған.

2003-2004 жылдары Алтыншы және жетінші «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің дипломанты һәм лауреаты болды.

2004 жылы «Сағынып жүрмін» атты жыр жинағы, 2013 жылы «Оянып кеткен ақ сәуле» атты кітабы жарық көрді. Бірнеше республикалық мүшайрада жүлде алған. Ғылым кандидаты.

2005 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шағын жыр кешін, 2016 жылы шілдеде Бурабайда оқырмандармен кездесу, 2017 жылы қарашада Оңтүстік Қазақстанда «Туған жерге тағзым» атты, ал 2018 жылы мамырда елордадағы Республикалық академиялық кітапханада Астананың 20 жылдығына арнап «Дүр дүниенің парасат тәжі» деген шығармашылық кештерін өткізген.  

 

Тұсаукесер рәсімі
Саңылаудан түскен нұр
Ақын Дәуірбек Дүйсебай