Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз халқына жолдауы
(last modified Tue, 07 Sep 2021 06:17:24 GMT )
Қыр 07, 2021 12:17 Asia/Almaty
  • Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз халқына жолдауы

Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар - ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауын жариялады.

          Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.

          Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мемлекетіміздің ең қастерлі құндылығы деп атады.

          «Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір Ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда», - деді Президент.

          Жолдаудың негізгі басымдықтарын айқындап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру – өзінің Президент ретіндегі басты мақсаты екенін атап өтті.

          Бұл мақсатқа жету үшін Мемлекет басшысы бес негізгі бастаманы атап көрсетті.

          Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін көбейту туралы шешімін жария етті. Бұл шара 1 млн. адамды тікелей қамтитын болса, еңбек етіп жүрген барлық азаматтарға жанама түрде әсер етеді.

          Екіншіден, соңғы 10 жылда кәсіпорын иелерінің табысынан 60 пайызға артта қалып келген еңбекақы қорын көтеру қажеттігін айтты. Осы орайда Үкіметке жұмысшылардың жалақысын көтеру үшін бизнесті ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды. Жұмысшыларының жалақыларын өсірген жұмыс берушілерге сатып алуларда жеңілдік қарастырылып, мемлекеттік қолдауда басымдық беріледі.

          Үшіншіден, Мемлекет басшысы микро және шағын кәсіпкерліктің еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлем көлемін 34 пайыздан 25 пайызға дейін төмендетуді ұсынды. Бұл бизнестің мыңдаған қызметкерін «көлеңкелі айналымнан» шығаруға, зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйелерінің толық қатысушысы болуына ықпал етеді.

          Төртіншіден, Президент 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлерінің, мұрағатшылардың, кітапханашылардың, техникалық қызметкерлердің, қорықшылардың, көлік жүргізушілерінің және басқалардың жалақысын жыл сайын орта есеппен 20 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл бастаманың игілігін тұтастай алғанда тағы 600 мың қазақстандық көреді.

          Бесіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы қорындағы жинақтың алуға болатын бөлігін «Отбасы банктегі» есепшотқа аударып, сол арқылы баспана сатып алуға рұқсат беру керек деп санайды. Оның айтуынша, бұл қаржыны дұрыс жинап, сауатты пайдалану дағдысына үйретеді.

                   Жолдаудың негізгі тезистері:

Аудандардың әкімдерін сайлау мүмкіндігі

«Бұл – менің былтырғы Жолдауымда айтылған саяси реформаның негізгі мәселесі. Осы шешім ауыл халқының, яғни қазақстандықтардың 40 пайыздан астамының мүддесіне тікелей ықпал етеді. Біз дұрыс жолдамыз. 2024  жылы азаматтар пилоттық режімде аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие болады».

Мемлекеттік тіл

«Атазаң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар.

Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отанымызбен  байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге

ден қоюға тиіс».

Әскери-өнеркәсіптік кешенді қайта жүктеу

«Ауғанстандағы ахуал және жаһандық шиеленістің күшеюі бізге қорғаныс өнеркәсібі кешенін және Әскери доктринамызды толығымен қайта қарауға міндеттейді.  Қорғаныс қабілетімізді нығайтып, қауіп-қатерлерге жедел үн қату мемлекеттік маңызы бар басымдыққа айналуға тиіс.  Біз сыртқы қатерге және оқиғаның қалай өрбуіне де дайын болуымыз керек. Сырттан төнетін қауіпті модельдеу айрықша өзектілікке ие болуда. Стрес-тест өткізіп, сценарийлер дайындаған жөн. Соның негізінде мемлекеттік аппараттың іс-қимыл жоспары әзірленіп, түзетіліп отыратын болады». 

Болжанып отырған қуат тапшылығымен күрес

«Мен тағы бір маңызды мәселеге арнайы тоқталғым келеді. Дүние жүзі өнеркәсіп пен экономиканы экологиялық тазартуға бет бұрды.  

Қазір бұл – әншейін сөз емес, салық, баж және техникалық реттеу шаралары сияқты нақты шешімдер. Біз одан тыс қала алмаймыз. Мұндай шешімдер экспорт, инвестиция және технология трансферті арқылы елімізге тікелей әсер етеді. Шын мәнінде, бұл – Қазақстанның орнықты дамуы мәселесі. Сондықтан мен 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндетін жүктеп отырмын».     

Бейбіт атом

«Кең-байтақ еліміздің тұрғындар саны да, экономикасы да өсіп келеді. Өсім сапалы болу үшін қуат көздері қажет. Көмір дәуірі біртіндеп келмеске кетіп бара жатқан заманда жаңғыртылатын энергияға қоса, біз сенімді базалық қуат көздерін ойластыруға тиіспіз. Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болады.Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұның ең оңтайлы шешімі – бейбіт атом».

Сутегі энергетикасы

«Жасыл» сутегі өндірісі, жалпы сутегі энергетикасы – болашағы зор бағыттар. Үкіметке осы мәселе бойынша да ұсыныс әзірлеуді тапсырамын».

Қазақстан - Еуразия өңірінің орталық цифрлық хабы

«Ұлттық компаниялар ІТ-қауымдастықпен өзара қарым-қатынас жасайтын платформа құруымыз қажет.  Квазимемлекеттік сектордың цифрлық қажеттілігі мен сұранысы барынша отандық компаниялардың күшімен қамтамасыз етілуге тиіс». 

Ақпараттық телекоммуникациялық әлеует

«Көрші елдерге де қызмет көрсете алатын мәлімет өңдеудің заманауи орталықтарын құру керек.Біз еліміздің орасан зор ақпараттық-телекоммуникациялық әлеуетін іске асыра білуге тиіспіз. Жаңа цифрлық дәуірде ол геосаяси маңызға ие болады. Қазақстан Еуразия өңірінің басым бөлігі үшін орталық цифрлық хабқа айналуға тиіс. Осы міндетті орындау үшін кадрлық әлеуетімізді күшейтуіміз керек».

100% ұялы телефон арқылы мемлекеттік қызметтер көрсету

«Электронды үкіметтің» мүлде жаңа құрылымын жасау керек. Мемлекеттік сектордың барлық ІТ-бастамасы тек қана қазақстандық мемтехтың жаңа платформасына негізделеді. Бұл платформа қайталауларды, тиімсіз шығыстарды және бюрократияны жояды. Мемлекеттік қызметтер азаматтарға смартфоннан 100 пайыз қолжетімді болады».

Қазіргі заманғы цифрлық технологиялар

«Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз. Сонымен бірге, отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек.   Цифрландыру жөніндегі ұлттық  жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс».

 

Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы

«Қазақстан мемлекеттік қарызы аздығының және едәуір қоры болғанының арқасында індет салдарын біршама тиімді еңсеруде. Бұл – біздің елеулі бәсекелік артықшылығымыз. Одан айырылып қалмауымыз керек.

Алайда, соңғы кезде бюджеттің шығыс бөлігіндегі міндеттемелерді орындау үшін бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбеюде. Үнемі осылай «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүре алмаймыз».

 

Қаржылық орнықтылықтың қоры соншалықты шексіз емес

«Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануға тиіс. 

Жалпы, елімізге мемлекет қаржысын, атап айтқанда, мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағы қажет. Үкімет пен Ұлттық банктен жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеуді сұраймын». 

 

Мемлекет банкирлерге көмектеспеуге тиіс

«Екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайды. Сондықтан, микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек. Олар жергілікті жерде жұмыс істейді. Өзінің тұтынушыларын, олардың бизнесі мен мүмкіндіктерін жақсы біледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл мәселе бойынша шешімдер топтамасын әзірлеуі қажет. Стресті активтер деңгейін төмендету жұмысы да айрықша маңызға ие. Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуге тиіс деген шешім қабылдадық».

 

Мектептер салу

«Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025  жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді.

Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін».

Ұстаздар

«Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет.Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керек деп санаймын».

Вакцинация

«Алдағы уақытта әлемде коронавирустың жаңа штамдары шығуы мүмкін. Сарапшылар басқа да індеттер пайда болатынын айтуда. Біз оның қашан болатынын күтіп, қарап отыра алмаймыз. Осындай жағдайда өмір сүріп, әрі қарай дамуға бейімделуіміз керек. Қазір «бустерлік вакцинаны» сатып алу өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет. Сонымен бірге, бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн».

Биологиялық қауіпсіздік

«Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын Ұлттық жүйе құрылуға тиіс. Бұл шара тиісті («Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы») заң жобасында қарастырылған. Парламенттен осы заң жобасын қазіргі сессияның соңына дейін қабылдауды сұраймын».

 

          Мемлекет басшысы бірлескен отырысқа қатысқан Парламент депутаттарына әрбір заң жобасының қыр-сырына терең үңіліп, оны сапалы дайындауға шақырды. Халықтың мүддесін қорғау жолында әрдайым табандылық танытуы керек екеніне ерекше тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір шешім елдің сұранысын да, мемлекеттің мүмкіндігін де ескере отырып қабылдануы қажет.

          Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз соңында мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі қажет екенін еске салды.

 

akorda.kz сайтындағы ақпарат негізге алынды

 

Тегтер