Қар 24, 2022 20:14 Asia/Almaty
  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде Қазақстандағы Иранның Бас консулымен кездесу өтті

16 қарашада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Мохсен Фағани және Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы мәдени өкілдіктің басшысы Мәжит Әлигәрмен кездесу болды.

Бас консул факультет деканы Н.Б. Еммен болған кездесуде Қазақстанда парсы тілін оқыту мен таратуға байланысты туындап отырған кейбір қиындықтар туралы әңгімеледі, ирантану бөліміне түлектерді оқуға тарту үшін Қазақстанның Білім беру бағдарламаларында парсы тілі бойынша арнайы грант бөлу мәселесін көтеру жөнінде ұсыныс жасады және қазақстандық жастар Иран университеттерінде бакалавриат, магистратура және докторантурада грантта оқи алатынын, Иранның Білім, Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі парсы тілі мен әдебиеті оқытушыларын жіберуге дайын екендігін мәлімдеді. Сонымен қатар  бас консул  ирантану бөлімі түлектерін жұмыспен қамтамасыз етуге Қазақстандағы Иран Ислам Республикасы елшілігі қолдау көрсетуге әрқашан дайын екенін, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан 5 ирандық компания ирантану бөлімі түлектерін жұмысқа алуға әзірліктерін білдіріп отырғанын және Иран мен Қазақстан арасындағы байланыстар соңғы кездері ерекше қарқын алып, соңғы 6 айда Қазақстанға Ираннан 50-дей компания, 5 ресми делегация келгенін айтты. Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы мәдени өкілдіктің басшысы Мәжит Әлигәр өз кезегінде Иранда жұмыс істегісі келетін Қазақстандық компания өкілдері арасында  парсы тілін үйренуге қызығушылық білдіргендер көбейіп жатқанын, мәдени өкілдік шығыстану факультетінде парсы тілі курстарын ұйымдастыруға және ирандық каллиграф маманды шақырып, шығыстану факультетінде каллиграфия бойынша шеберлік сабақтарын өткізу мүмкіндіктерін қарастырып отырғанын айтты.

Иранның Алматыдағы Бас консулы Мохсен Фағани

Өз кезегінде факультет деканы өзара ынтымақтастықты дамытуды әрқашан қолдауға дайын екенін айтып, алдағы уақытта Қазақстандағы ирандық бизнес өкілдерімен кездесу өткізіп, олардың ұсыныстары негізінде магистратураға арналған қысқартылған білім беру бағдарламаларын құрастыру, сондай-ақ факультеттің мүмкіншіліктерін екі ел арасындағы туристік хабты дамытуға пайдалануға ұсыныс жасады.

Шығыстану факультетінің деканы Н.Б. Ем

Материалды дайындаған

аға оқытушы Боранбаева Айман

Тегтер