Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да халықаралық әл-Фараби күні атап өтілді
(last modified Mon, 28 Nov 2022 13:39:34 GMT )
Қар 28, 2022 19:39 Asia/Almaty
  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да халықаралық әл-Фараби күні атап өтілді

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында 2022 жылдың 21 қарашасында «әл-Фараби» күніне арналған «Халықаралық әл-Фараби күні» атты дөңгелек үстел өтті.

Иран Ислам Республикасының Саңлақтар мұрасы қоғамының ұсынысымен 2021 жылдың 21 қарашасы «әл-Фараби» күні ретінде Иран күнтізбесіне енгізілген болатын. Осыған орай биылғы жылы әл-Фараби күніне арналған дөңгелек үстелді Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы, Философия және саясаттану факультетінің Философия кафедрасы, әл-Фараби орталығы бірігіп ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге әл-Фараби мұрасын зерттеуші мамандар, оқытушылар және студенттер қатысты.

Дөңгелек үстелді ашып берген шығыстану факультеті м.а. Н.Б. Ем өз сөзін әл-Фараби еңбектерін зерттеу, насихаттау баршаға ортақ мәселе екендігінен бастады. Бүгінгі таңда әрбір адам әл-Фараби мұраларымен танысуға мүмкіндігі бар, тек қана оған ұмтылу керек екендігіне тоқтады. Профессор, философ.ғ.д., әл-Фараби орталығының ғылыми кеңесшісі Ж.Алтаев «Фарабитанудың көпшілікке беймәлім беттері» атты тақырыпта баяндама жасады. Баяндамада Мұстафа Шоқайдың "Яш Түркістан" гезетінде әл-Фараби туралы жариялаған мақаласы туралы баяндады. Бұрындары белгісіз болып келген М.Шоқайдың бұл мақаласында әл-Фараби мен Ф.Ницшенің философиялық көзқарастары салыстырылған. Одан кейін сөз сөйлеген Нұр-Мубарак Египет ислам мәдениет университетінің Ғылым және инновация департаментінің директоры  Ы.Палтөре әл-Фарабидің мұрасы мен ғылыми айналымға енбеген трактаттары атты тақырыпта баяндама жасап, соңғы жылдары қолға түскен ғұламаның сирек кездесетін трактаттарының нұсқалары туралы баяндады. Бір трактатты зерттеу үшін оның әлемдегі барлық нұсқаларын жинап, текстологиялық жұмыс жасалынуы керек. Содан кейін барып ол трактатты зерттеу және аударуға болатындығын айтып өтті. Сонымен қатар бұл күнге дейін белгісіз болып келген әл-Фарабидың «ат-Тибб» атты яғни медицина туралы трактаты мен Ахлақ, яғни мінез-құлық туралы трактатының табылғанын айтып өтті. Бұл трактаттар бұрындағы зерттеушілерге белгісіз болып келген деп атап көрсетті. Халықаралық әл-Фараби күніне қатысқан Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы Мәдени Өкілдіктің басшысы Мәжит Әлигәр мырза мұндай шаралардың өтуі екі елдің арасын жақындата түсетініне тоқталды. Сонымен қатар әл-Фараби мұралары сөрелерде шаң басып жататын кітаптар емес, бәлкім әрбір бүгінгі жастың жұмыс үстелінен табылатын кітапқа айналуы керек. Батыс елдері, шіркін осындай ғұламамыз болса деп армандайды және әл-Фараби мұраларын қолдарынан келгенше зерттеп, кәделеріне жаратуда. Ал мұсылман елдері көбінесе айтумен және сөз жүзінде мақтанумен шектелуде деп ащы да болса шындықты айтып өтті. Сондықтан қолда бар алтынның қадірін білуге, ислам әлеміне ортақ тұлғаның еңбектерін бірге зерттеуге және әл-Фараби мұраларын шынайы өмірге жақындата түсуге шақырды.

ҚазҰУ Шығыстану факультеті

Жалпы Халықаралық әл-Фараби күнінің өтуіне себеп болған Иран күнтізбесіне былтырғы жылдан бері 21 қараша «әл-Фараби күні» ретінде енуі болатын. Ұзақ уақыттан бері Иранда әл-Фарабидің мұралары жақсы зерттеліп, оның дәріптелуіне арнайы көңіл бөлініп келеді. Иранда жыл сайын елдің Ғылым, зерттеу және технология министрлігі ұйымдастыратын Фараби халықаралық сыйлығы биыл 14-рет өтеді. Бұл сыйлық гуманитарлық ислам ғылымдарын дамытуға бағытталған Ирандағы ең жоғары сыйлық болып саналады. Конкурс арқылы іріктелетін бұл конкурсқа барлық елдердің азаматтары қатыса алады. Бұдан басқа Иранның әрбір қаласында Фараби көшесі, Фараби білім және өнер орталықтары мен Фараби емханалары бар. Сондай-ақ Фараби киномотография қоры 1983 жылдан бері сәтті жұмыс істеп келеді. Фараби музыка саласына ерекше мән берген ғұлама екендігін ескергендіктен Ирандағы ең үлкен музыка өнер мектебі де Фараби атымен аталады. Бұл мектепте музыкалық аспаптардың барлық түрінен дәріс беріліп, мамандар дайындалады. Бірнеше "Фараби", "Недаи Фараби" атты ғылыми журналдар бар. Жалпы алғанда Иранда әл-Фараби ислам философиясының негізін қалаған және көптеген ғылым салаларының дамуына серпін берген ғалым ретінде жеткілікті деңгейде дәріптеледі. Ал қанатты сөздері күнделікті өмірде қолданылады деуге болады. Соның бірі – «Қоғам махаббатпен бірігеді, әділетпен өмір сүреді, дұрыс іспен аман-сау тұрады». Мұсылман елдерінің көбінде, соның ішінде Иранда әл-Фараби мұраларын дәріптеу жақсы жолға қойылған. Еліміз де бұл тәжірибеден кенде емес. Алдағы уақытта Иран және бірқатар араб елдерімен бірге Халықаралық әл-Фараби күнін тойлау дәстүрге айналады деп күтіледі.

 

Қамбарбекова Ғалия,

филология ғылымдарының кандидаты