Қазақстан делегациясы Амирабад айлағын аралады
(last modified Sun, 26 Feb 2023 14:43:29 GMT )
Ақп 26, 2023 20:43 Asia/Almaty
  • Қазақстан делегациясы Амирабад айлағын аралады

Иранның солтүстігіндегі Мазандеран облысына барған Қазақстанның сауда-экономикалық делегациясы Бехшахрдың Амирабад айлағындағы арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен танысты.

IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Мазандеран облысы әкімінің экономикалық және туристік істер жөніндегі орынбасары Хасан Хейрианпур сенбі күні Қазақстанның Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов бастаған экономикалық делегациясының Амирабад айлағы мен Бехшахр ауданындағы Солтүстік мұнай терминалын аралауы барысында сөйлеген сөзінде Мазандеран облысының экономикалық, өндірістік және инфрақұрылымдық әлеуеттеріне тоқталып: "Бұл облыста ауыл шаруашылығы  мен балық өнеркәсібінде жылына 75 млн тонна түрлі өнім өндіріледі. Иранның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде облыстың айтарлықтай үлесі бар",-деді.  

Хасан Хейрианпур Мазандеран облысында жасалған құрылыс материалдары мен цементтің Қазақстанға экспортталатынын айтып: "Осы облыстағы бау-бақша, ауыл шаруашылығы және балық өнеркәсібінің өнімдері де Қазақстан мен көршілес елдерге экспортталады",-деді.

Қазақстанның Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерінің көбі Иранға, соның ішінде Мазандеран облысына экспортталатынын айтып: "Мазандерандық өндірушілердің көмегімен Қазақстанның мұнай, энергетика, ауыл шаруашылығы және балық өнеркәсібі саласындағы қызмет деңгейін жоғарылатуға болады",-деді.