Нау 25, 2023 15:45 Asia/Almaty
  • Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Наурыз мейрамына арналған кеш өтті

15 наурызда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінде «Наурыз – иран-түрік халықтарының ортақ мейрамы» атты мерекелік шара өтті.

Шараға Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулы Мухсин Фағани,  Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасы Бас консулдығы жанындағы Мәдени өкілдіктің жаңадан тағайындалған басшысы Хусейн Ағазаде, этнограф ғалым, ақын Болат Бопайұлы, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының өкілдері Айбек Нәби, Сәкен Нұрқабекұлы, сондай-ақ алыс шетелдерден келген қонақтар: Варшава университетінің докторанты Линьда Масальски (Польша), Рицумейкан университетінің профессоры Ким Виктория (Жапония), Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің профессоры Джеймс Эдрик Алан Уебб (Австралия) қатысты.

ҚазҰУ Шығыстану факультеті

         Иран Мәдени Өкілдігі дәстүрлі ирандық «Жеті син» дастарханын қонақтар назарына ұсынып, Мәдени өкілдіктің басшысы Хусейн Ағазаде бұл рәсімнің рухани мәнін қонақтарға баяндады. Этнограф ғалым Болат Бопайұлы қазақ халқының Наурыз мейрамына қатысты ұстанатын салт-дәстүрлері туралы кеш қонақтарына әңгімелеп, өзінің кітаптарын сыйға тартты. «Отбасы хрестоматиясы» баспасының өкілі Айбек Нәби Омар Хайямның «Наурызнама» кітабының жаңа басылымымен таныстырды. Мерекелік шарада студенттер арнайы дайындаған слайд, презентацияларын көрсетіп, парсы тілінде өлең оқыды. Күмбірлеген домбырамен күй тартылды. Кештің соңы мерекелік дастарханға ұласты. Қонақтар Наурыз мерекесінің дәстүрлі тағамы – жеті түрлі дәмнен дайындалған Наурыз көжеден дәм татты.

Дереккөз: https://www.kaznu.kz/en/11841/news/one/36392/

Тегтер