Қазақстанда Иран қолөнер бұйымдарының көрмесі өтіп жатыр
(last modified Sat, 01 Apr 2023 15:05:10 GMT )
Сәу 01, 2023 21:05 Asia/Almaty

Қазақстанның Алматы қаласында Иран қолөнер бұйымдарының көрмесі басталды.

Iran Press ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанның Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында студенттер, ұстаздар, ирантанушылар мен ИИР Бас консулдығының жауапты қызметкерлерінің қатысуымен Иран қолөнер бұйымдары көрмесінің ашылу рәсімі өтті. Рәсім Иран мен Қазақстан әнұрандарының шырқалуымен басталды.

Бұл көрмеде Исфахан облысынан төрт ирандық өнерпаз хатамкари, қаламзани мен фирузекуби салаларындағы өнер туындыларын жұрт назарына ұсынды.

Исфахандық фирузекуби шебері Хамед Карими Iran Press ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында осы салада 15 жылдық тәжірибесі барын айтып: "Фирузекуби (көгілдір ақық жапсырып бұйым жасау) өнері Мешхедтен Исфахан облысына келді. Қазіргі таңда Исфахан облысында сотталған 700 адаммен әріптесе отырып, осы өнерді жалғастырып жатырмыз",-деді.

Исфахандық фирузекуби шебері: "Бір туынды жасау үшін 6 кезеңнен тұратын жұмыс атқарылуы тиіс. Содан соң зауытта тас жабыстырылып, туынды қалыптасады",-деді.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды да ашылу рәсімінен кейін көрмені аралап, ирандық шеберлермен сөйлескен соң Iran Press ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында: "Өнер әлем тілі екені күмәнсіз. Түрлі жерлер мен мемлекеттердің барына қарамастан, өнер – барлық адамдардың ортақ тілі",-деді.

Азамат Сатыбалды: "Иранның ең көне өнер түрлерінің көрмесін өткізіп жатқанымызға қуаныштымыз. Адамның ойы, қолы мен жасампаздығы өнер туындыларын жасауда басты рөл атқарады. Бұл көрме Қазақстан халқының осы өнер түрлерімен танысуына жақсы мүмкіндік болады",-деді.

Исфахандық хатамкари және қаламзани шебері Мұджтаба Айюби: "Хатамкари (инкрустация) барлық өнерлердің шыңы деп жарияланған. Осы өнер түріне түйе немесе сиыр сүйегі, әртүрлі реңкті ағаштар мен жез металл керек. Бұл элементтер үшбұрыш және  ромб пішінде топтастырылады. Оны "Хатам гүлі" деп атайды",-деп еске алды.

Исфахандық хатамкари шебері: "Хатам гүлі дайындалғаннан кейін арнайы аппаратпен жолақтарға кесіліп, түрлі қораптар мен сурет жақтауына жабыстырылады",-деді.

Қазақстандағы Иран қолөнер бұйымдары көрмесінің директоры Әли Хаземи: "Иран мен Қазақстанның мәдени ортақтықтарын ескере отырып, биыл бұл көрме Наурыз демалыстарында өткізілді. Ирандық өнерпаздар әдеттегідей жарқырай көрінді",-деді.

Көрме аясында қаламзани бұйымдарын жасау тәсілі көрсетілді.

Иран қолөнер бұйымдарының көрмесі Алматы қаласындағы университеттер мен мәдени орталықтарда 31 наурызда басталып, 6 сәуірге дейін жалғасын табады.