Сәу 24, 2023 21:19 Asia/Almaty

Иранның Алматыдағы бас консулдығының ұйымдастыруымен Қазақстан университеттерінің студенттері арасында парсы тілінен олимпиада өтті.

Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттерінің қатысуымен Алматы қаласында парсы тілінен олимпиада өтті. Үш университеттен 18 студент бәсекеге түсті.  

Олимпиадада парсы тілі грамматикасын білу, сұхбаттасу, ирантану және шығарма жазу қабілеті сыналды.  

Иранның Алматыдағы бас консулы Мохсен Фағани Iran Press тілшісіне берген сұхбатында: "Парсы тілі Орта Азия аймағында бағзы заманнан-ақ кең таралған. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанның университеттерінде парсы тілі оқытыла бастады",-деді.

Мохсен Фағани: "Иран мен Қазақстанның саяси-экономикалық байланысын дамыту үшін парсы тілін білетін адамдар мен ирантанушылар керек. Сол себепті парсы тілі сыныптары ашылып, нығайтылды",-деді.

Олипиадаға қатысқан студенттердің бірнешеуі Iran Press тілшісіне берген сұхбаттарында парсы тіліне тамыры терең тарихи тіл ретінде қызығатындарын білдірді.

Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті ректорының халықаралық істер жөніндегі орынбасары Жұмабек Ташанов та Iran Press тілшісіне берген сұхбатында: "Біздің студенттеріміз парсы тілін екінші тіл ретінде таңдағаны университет үшін жақсы мұрсат болды. Өз халқының тарихы, жаңа әлем мен заманауи мәдениет туралы білгісі келетін студенттер үшін парсы тілі білім есігі болып отыр",-деді.

Жұмабек Ташанов: "Қазақстанда парсы тілінде жазылған тарихи кітаптар мен қолжазбалар бар. Соларды оқу Иран мен Қазақстанның мәдени және тарихи ортақтықтарын таныстыруға көмектеседі",-деді.

Олимпиада жеңімпаздары сыйақы алумен қоса, Иранға тіл ұстартуға жіберілетін болды.

Парсы тілі олимпиадасы Иранның Алматыдағы бас консулдығының мәдени өкілдігі, «Сағди» қорының Алматыдағы өкілдігі және Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті тарапынан ұйымдастырылды.

Тегтер