Шіл 01, 2023 20:44 Asia/Almaty
  • Ұлттық домбыра күні қарсаңында Иранның Горган қаласында мерекелік іс-шара өтті

Мерекелік іс-шараға Иранның мәдени-рухани ортасының өкілдері, қазақ диаспорасының белсенділері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.

Мерекелік жиында Қазақстанның осы қаладағы Бас консулы Ербол Ахметов, Д.Нұрпейісова атындағы республикалық байқаудың лауреаты күйші Аягөз Нұрсұлтан және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәуірбек Құдабайұлы және өзге де қонақтар сөз сөйледі.

Горгандағы Қазақстанның бас консулы Ербол Ахметов

 

          Олар өз сөздерінде домбыраның қазақ мәдениетінде алар ерекше орнына тоқталып, ұлттың болмыс-бітімін сақтап келе жатқан құндылық екенін атап көрсетті.

          Сөз алғандар күй өнерінің жасампаздығы туралы ой толғап, қазақ саз өнерінде мың жылдан астам уақыт бойы тартылып келе жатқан күйлердің шығу тарихына ерекше назар аударды.  

          Күйші Қорқыт бабамыздың сарындары осыдан мыңдаған жылдар бұрын шыққаны, «Ақсақ құлан» күйінің туғанына мың жылға жуықтағаны күй жасампаздығына дәлел ретінде келтірілді.

          Сөз сөйлеушілер Кеңес заманында қазақтың әйгілі күйшісі Қазанғаптың күйлері тартылмағаны, себебі оның күйлері тарихтан сыр шертетінін, әсіресе «Көкіл» сияқты  күйлері ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ сахарасында орын алған ашаршылық сырын ашатынын кеңінен баяндады.

          Мерекелік концертте күйші Аягөз Нұрсұлтан және Горган, Күмбед, Бендер-Түрікмен қалаларынан келген жас домбырашылар Махса Бегдер, Хелиа Ходжа, Хаким Шадкам, Фируз Бәли, Индира Данешияр, Динара Бегдер, Расул Пилтан, Неда Бали халық күйі "Жалғыз аққу", қазақ күйшілері Құрманғазының "Адай", Қазанғаптың "Ақжелең", Сүгірдің "Бозінген", С.Тұрысбекұлының "Көңіл толқыны", Е.Үсеновтың "Кербез сұлу" атты белгілі шығармаларын нақышына келтіріп орындап, көрермендердің ризашылығына бөленді.

          Сонымен қатар, Ирандағы қазақ жастары домбырамен қазақ әндерін шырқап, жыр-термелерін толғады. Шырқалған лирикалық әндер мен жыр-термелер көбінесе достық, домбыра, атажұртқа деген сағыныш, өсиет-насихат және өзге де тақырыптарды қамтыды.

          Ақын Дәуірбек Құдабайұлы домбыра, достық теңізі – Каспий туралы өлеңдерін оқыды.

          Мерекелік іс-шара жергілікті домбырашылар оркестрінің композитор Құрманғазы Сағырбайұлының «Адай» күйін тартуымен аяқталды.

          Ұйымдастырушылар мен қонақтар мұндай мерекелік іс-шараны өткізудің Қазақстан мен Иран арасында мәдени-достық қатынасты кеңейтудегі мән-маңызы зор екенін ашып айтты.

 

Дереккөзі: ИИР-дағы ҚР Елшілігі

Тегтер