Әбу Насыр Әл-Фараби және ортағасырлық мұсылмандық педагогикалық мұралар зерделенуде
(last modified Fri, 15 Dec 2023 11:41:38 GMT )
Жел 15, 2023 17:41 Asia/Almaty
  • Әбу Насыр Әл-Фараби және ортағасырлық мұсылмандық педагогикалық мұралар зерделенуде

7 желтоқсанда Нұр-Мүбарак университетінде "Әбу Насыр Әл-Фараби және ортағасырлық мұсылмандық педагогикалық мұралар" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Ортағасырлық ғұламалар еңбегінің  ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, тарихымызды түгендеуде қосар үлесі зор. Осы орайда Нұр-Мүбарак университеті Ғылым және инновация департаменті "Әбу Насыр Әл-Фараби және ортағасырлық мұсылмандық педагогикалық мұралар" атты халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. "Екінші ұстаз" атанған ғұламаны әлемнің әр елінде зерттеушілер аз емес. Олардың бірқатары бүгін ғылыми басқосуға арнайы шақырылды. Алғы сөзді құттықтаумен бастаған НМУ ректоры, профессор Мұхаммад аш-Шахат әл-Жинди ғылыми жобаға сәттілік тіледі. Сондай-ақ проректор, PhD доктор Қайрат Құрманбаев Әл-Фарабидің қазақ халқы үшін ғана емес, ислам өркениетіндегі орнына тоқталып өтті.

Нұр-Мүбарак университеті

Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех "Әл-Фараби жүрген ізбенен: Фараб – Отырар – Бағдад – Мысыр – Халаб (Алеппо) – Дамаск" тақырыбында, ал Дамаск университетінің профессоры Муаффақ Дуғман "Дамаск қаласындағы Әбу Насыр әл-Фарабидың кесенесінің өткені мен бүгіні" жайлы сөз етті. Отандық ғылыми-зерттеу және қалпына келтіру кәсіпорнының негізін қалаушы Қанат Тұяқбаев Дамаск қаласындағы Әбу Насыр Әл-Фараби тарихи-мәдени мемориалдық орталығын салу және Әз-Заһир Сұлтан Бейбарыс кешенін қалпына келтіруде "Қазреставрация" РМК 2007-2012 жылдары атқарған жұмыстары жайлы айта келе, тарихи мұраларды қалпына келтіру жұмыстарының жай-жапсарын жан-жақты жеткізді.

Сондай-ақ Түркиядағы Қарым-қатынас және бағдар беру академиясында діндер тарихы және философия, усул ул-фиқһ және тәпсір пәндерінің оқытушысы Шехабеддин Ахмет Фарфуроғлу "Әл-Фараби мен Әл-Ғазали арасындағы сопылық және тәрбиелік мінез-құлық мәселесіне" әрі Әл-Фараби бабамыздың музыка саласындағы мұраларына тоқталды. Ақындық өнерімен де көпшілікті тәнті етті.

Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы PhD доктор Алаа Фаруқ Махмуд Иброхим "Әл-Фараби жалпы араб білімі мен араб тіл білімінің негізін қалаушы" тақырыбында сөйледі.

Байқағанымыздай, ислам өркениетіне қазақ даласынан шыққан ортағасырлық ғалымдардың қосқан үлесі мен еңбегі орасан.  2023-2025 жылдарға арналған ғылыми-техникалық жоба аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан PhD доктор Ықтияр Палтөренің "Әл-Фараби трактаттарындағы педагогикалық мұраларды қазіргі білім жүйесіне кіріктірудің ғылыми-әдістемелік негіздері" жобасы мақұлданған болатын. Бүгінгі конференция сол жоба аясында өткенін айта кетейік

 

PhD доктор Ықтияр Палтөре

Нұр-Мүбарак университеті