Қазақстан Талибанды лаңкестік ұйымдар тізімінен шығарды
Қазақстан СІМ: "Астана үкіметі бұдан былай Ауғанстандағы Талибан тобын тыйым салынған ұйым деп санамайды",-деп мәлімдеді.
Қазақстанның Жоғары соты 2015 жылы Талибан тобын бір лаңкестік ұйым деп танып, бұл топтың Қазақстан территориясында белсендік жасауына тыйым салған болатын.
2021 жылдың ортасында АҚШ бастаған НАТО әскери коалициясының Ауғанстанға 20 жылдық басқыншылығы аяқталғаннан кейін Талибан бұл елде билікті өз қолына алды.
Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш баспасөз отырысында: "Кейбір елдер Талибанды лаңкестік топ деп танымай, түрлі сатыларда олармен байланыс орнатқандығын ескере отырып, біз де осыған қатысты шешім қабылдаймыз. Құқықтық тұрғыдан ешбір халықаралық заңды аяқ асты етпейміз",-деген болатын.
Қанат Тумыш: "Ауғанстанның экономикасы әлі дағдарысты жағдайда. Халықтың үштен екісі гуманитарлық көмекке зәру. Бұл экстремизм мен терроризмнің таралуына себеп болып, бүкіл Орта Азия аймағына қауіп төндіреді",-деді.
Бұдан біраз бұрын кейбір ресейлік ақпарат құралдары Мәскеу үкіметінің Талибан тобын лаңкестік ұйымдар тізімінен шығаруды көздеп отырғанын хабарлаған болатын.
Әлемнің бірнеше елі Талибанды лаңкестік топ деп санамайды, бірақ ешбір ел осы күнге дейін аталмыш топты лаңкестік ұйымдар тізімінен шығару ықтималы туралы ашық айтқан емес.