Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің оқытушылары Иранның 4-арнасының бағдарламасына қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары А.Ж. Боранбаева мен Ғ.Ә. Қамбарбекова Иран еліне барған іссапарында Ұлттық телерадио бірлестігінің 4-арнасы ұйымдастырған Наурыз мерекесіне арналған «Сарзамин-и шер» (Поэзия елі) атты арнайы бағдарламаға қатысты.
Бағдарламаға Наурыз мерекесін тойлайтын көптеген елдердің, атап айтқанда Армения, Үндістан, Түркия, Пәкістан және Қазақстанның ирантанушы мамандары қатысты. Қазақстаннан арнайы осы бағдарламаға Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары А. Боранбаева мен Ғ. Қамбарбекова қатысты.
Бағдарлама барысында Қазақстанда Наурыз мерекесін тойлаудың ерекшеліктері мен Ирандағы Наурыз мерекесіне ұқсайтын тұстары жан-жақты сөз болды. Сонымен қатар Наурыз мерекесіне шашу ретінде әр елден келген ирантанушылар жуырда жарық көрген жаңа басылымдарын таныстырды. Қазақстандық ирантанушылар жуырда жарық көрген Парсыша-қазақша фразеологиялық сөздік туралы баяндап берді. Ал Түркиядан келген ирантанушы Н.Йылдырым болса ондаған жылдар бойы парсы тілінен түрік тіліне аударған 2-томдық Шахнама кітабын шашу ретінде алып келді. Басқа елдерден келген қонақтар құр қол емес еді. Бағдарлама барысында Наурыз мерекесінің ұлттар мен ұлыстар арасын жалғайтын алтын көпір екендігіне ерекше назар аударылды.
Жалпы мұндай бағдарламалар ИИР телерадио бірлестігінің 4-арнасында жыл сайын болады және алдағы жылы да осындай бағдарлама ұйымдастырылатыны айтылды.
Дайындаған: аға оқытушы Боранбаева Айман Жұбатқанқызы