Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ елдері парламенттерінің басшыларымен кездесуінде Палестинадағы жағдай туралы айтты
(last modified Tue, 04 Jun 2024 11:48:46 GMT )
Маусым 04, 2024 17:48 Asia/Almaty
  • Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ елдері парламенттерінің басшыларымен кездесуінде Палестинадағы жағдай туралы айтты

Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ға мүше елдер парламенттері палаталарының спикерлерімен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея Кеңесінің отырысына қатысушылармен кездесу өткізді.
 

Бүгінгі кездесу халықаралық ахуал тым шиеленіскен жағдайда өтіп отыр. Геосаяси текетірес өршіген кезде өңірлік қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатердің ауқымы да айтарлықтай өзгерді. Әлемдегі қақтығыс қауіпті деңгейге жетті. Әсіресе, Таяу Шығыстағы ахуал қатты алаңдатады. Газа секторында күн сайын жүздеген адам қаза тауып, жарақат алып жатыр. Олардың арасында қарапайым азаматтар, әйелдер мен балалар бар. Миллионнан астам бейбіт тұрғын қиын жағдайға тап болды. Барлық негізгі халықаралық ұйымдар Палестинадағы гуманитарлық ахуалды мүшкіл деп атады. Шын мәнінде, апатты жағдай шегіне жетуге таяп қалды,

– деді Президент.

 

Тоқаев бұл мәселеде Қазақстан өз ұстанымынан ешқашан айнымайтынын тағы да растады.

Оның айтуынша, ұзақ жылға созылған қақтығыстың жалғыз шешімі – «қос халық үшін екі мемлекет» формуласы негізінде астанасын Шығыс Иерусалим деп белгілеп, Палестина мемлекетін құру. 

Сонымен қатар Президент палестиналықтардың Ұйымға мүше болу құқығын мойындау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының биыл 10 мамырда қабылдаған қарарын құптады.