Әһли Бейтті сүйетіндер жемқорлық пен әділетсіздікке қарсы тұрады. Жауапкершіліксіз мазхаб – халықты арбайтын апиын
Иранның мәдени революция жоғары кеңесінің мүшесі өз-өзін сынау, бағалау және есеп алудың маңыздылығына тоқталып: "Өз-өзінен есеп алмайтын адам немесе қоғам жеңіліс табады",-деді.
Иранның мәдени революция жоғары кеңесінің мүшесі әрі университет ұстазы Хасан Рахимпур Азғади студенттердің саяси-мәдени әлеуеттерін арттыруға бағытталған "Хамим" жобасына қатысқан алғашқы керуеннің жабылу рәсімінде сөз сөйледі.
Pars Today ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Хасан Рахимпур Азғади өз сөзінде болашақты жасау үшін өткенді танудың маңыздылығына тоқталып, саяси-мәдени белсенді жастарға: "Өткенді танымай жатып болашақты жасауға болмайды. Сондық кез келген әрекет алдында жақсылап ойлану керек: Кімнің мұрагерісіңдер? Сендерге дейінгі университет белсенділері соғыс алаңында жарақат алған, немесе тылда әділетті қорғаймыз деп қорлық көрген, немесе Күрдістан мен Систан облыстарында Кумле лаңкестерінің қолымен бауыздалған",-деді.
Жаратылыс философиясы және Пайғамбар әулетін дұрыс танудың маңыздылығы
Хасан Рахимпур Азғади дін мен Әһли Бейтті танудағы кейбір қателерді сынап: "Әдеттегідей имамдардың есімдері аталғанда мұқтаждықтар көз алдымызға келгенге үйреніп қалдық. Шындығына келгенде, адамның ең үлкен қажеттілігі – өсіп-өркендеу. Дін мен Әһли Бәйтке (ғ.с.) тек мұқтаждық үшін бармау керек",-деді. Ол сондай-ақ: "Діни тағылымдар бойынша дүние – азап пен қиыншылықтар орны. Жаратылыстың және өмірдің философиясы – бұл қиыншылықтардан ең жақсы жолмен өту",-деп еске салды. Ол: "Азап пен қиындықсыз дүние іздегендердің дін мен пәк имамдар туралы түсінігі дұрыс емес",-деп баса айтты.
Қазіргі әлемде өзін-өзі сынау – діндарлықтың бір тәсілі
Хасан Рахимпур Азғади адамдардың әдетте діни рәсімдерді орындаумен шектелетінін, діндарлығы үстірт екенін айтып: "Пайғамбардың(с.ғ.с.) айтуынша, біз Құдайдың бар екенін логикалық түрде қабылдаймыз. Бірақ ісіміз бен өмірімізде Аллаға сенудің белгісі жоқ. Өйткені біз өзімізді Алланың алдында көрмейміз. Біз кешірім сұраймыз, бірақ өтірік айтамыз, басқалардың құқығын таптаймыз. Біз өлгендерді көреміз, бірақ өлімге сенбейміз. Біз артықшылықтарды іздейміз, бірақ күш-жігер жұмсағымыз келмейді. Ислам қағидалары бойынша, имансыз әрі ізгі амалсыз жұмаққа кіремін деп үміттенуге болмайды",-деді.
Жемқорлық пен әділетсіздікпен күресуші пайғамбарлар сияқты азап шегеді
Хасан Рахимпур Азғади пайғамбарлар мен әулиелердің өмірлерінің соңына дейін дін үшін төлеген шығындарына тоқталып: "Біз болашағымыз кепілдендіріліп, қажеттіліктеріміз бен проблемаларымыз шешілген кезде ғана мәдени және саяси шараларға ден қоя бастаймыз. Осы жолда ешкімнің мазасын алмасақ, ұрылып-соғылмасақ, қорлық естімесек, жауымыз болмаса, бұл бізде ерекше қасиеттердің жоқтығын білдіреді. Ешқандай жалғандық, құндылыққа қарсылық, жемқорлық пен әділетсіздікке қарсы тұрмадық. Жұмақ азаппен қоршалған. Егер өмір жолымыз тым тегіс әрі жеңіл болса, жұмаққа бара жатпағанымызды білейік",-деді.
Бізді өзгертпейтін ғибадаттың құны жоқ
Хасан Рахимпур Азғади Әһли Бәйт пен пайғамбар ұрпақтарының бірі имам Резадан (ғ.с.) жеткен риуаят бойынша былай дейді: "Кімде-кім Алладан табыс сұраса, бірақ тер төкпей, тәуекел етіп, тырыспаса, ол өзін мазақ еткені. Гүлдер мен бұлбұлдардан тұратын парызсыз әрі жауапкершіліксіз дін – бұқараның басын айналдырып, ұйықтатын өте қауіпті апиын. Жыл сайын қажылыққа, имамдардың кесенелеріне және Мешхедке барсақ та, мінезіміз бен өмірімізде өзгеріс болмаса, еш пайдасы жоқ. Осынша зияраттың орнына Оның нұсқауларын орындайық".
Өз-өзін сынаудың маңыздылығы
Хасан Рахимпур Азғади өз-өзін сынау, бағалау және есеп алудың маңыздылығына тоқталып: "Өз-өзінен есеп алмайтын адам немесе қоғам жеңіліс табады. Әлсіз жақтарына (қаржылық, мәдени, әлеуметтік және т.б.) мән бермейтін, халыққа қызмет етуді ойламайтын, діндармын дейді, бірақ белгілі бір позиция ұстанбайтын, ақтамайтын да даттамайтын, барлығымен келісетін немесе бәрімен келіспейтін адам ең жақсы жағдайда Әһли Бәйтті(ғ.с.) жақтаушы болар, бірақ шиіт емес",-деді.