«Абай жолы» романы 23 жыл бұрын парсы тіліне аударылған
(last modified Thu, 15 Oct 2020 21:40:02 GMT )
Қаз 16, 2020 03:40 Asia/Almaty
  • «Абай жолы» романы 23 жыл бұрын парсы тіліне аударылған

«Абай жолы» роман-эпопеясы 1997 жылы М. Әуезовтың 100 жылдық мерейтойына орай Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің қолдауымен аударылған.

Романды аударған кім?

Иранда сейіт Мұхаммед Хатами ел басқарған кезде (1997-2005жж) «Өркениеттер диалогы»  (Dialogue Among Civilizations) атты саяси-дипломатиялық доктрина қабылданып, халықаралық қатынаста қолданыла бастады. Иран мен Қазақстанның қарым-қатынасы барлық салаларда қарқынды даму үстінде еді. Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігі осы доктринаны негізге ала отырып, Қазақстанмен әдебиет саласындағы әріптестігін дамыту мақсатында осы ведомство қызметкері Назлы Асқарзаде ханымға Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романын орыс тілінен парсы тіліне аударуға тапсырма берген.

Назлы Асқарзаде - аудармашы

 

Назлы Асқарзаде – Иранның Гилян облысындағы Астара қаласы әйелдері арасынан шыққан алғашқы жазушы әрі аудармашы. Ол 1942 жылы Астара қаласында дүниеге келген. Балалық шағы Кеңес одағында өткен.   Әзірбайжанда университетті «әдебиет және аударма ісі» мамандандығы бойынша бітірген. Ол елге қайтып оралғаннан кейін алдымен Исфаханның «Зубаһан» темір балқыту компаниясында орыс тілінен сабақ берген, кейін Иранның Мәдениет және исламдық бағдар министрлігінің Баспасөз және шетелдік ақпарат құралдары департаментіндегі орыс бөлімінің жауапты басшысы әрі аудармашы болып қызмет атқарып, сол жерден зейнетке шыққан. Бүгінде аудармамен айналысып келе жатқанына 45 жыл болды. Саясат, қоғам, дін, әдебиет, өнер мен психология салаларында 40-тан аса кітап аударған. Соның ішінде көрнекті қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романы, пәкістандық жазушысы Шоукат Седдиқидің «Разия бегім» атты романы, әзірбайжан жазушысы Қалам Мұхаммедовтың «Бардия» атты кітабы мен орыс жазушысы Федор Достоевскийдің «Ойыншы» атты романы, Варлам Шаламовтың «Колыма әңгімелері» атты 4 томдық кітабы,  Ольга Петрочуктың «Ван Гог нақыштары» атты кітабы, Светлана Алексиевичтың «Чернобыль дауысы» атты кітабы және т.б. еңбектерді парсы тіліне аударып, басып шығарды.  

Назлы Асқарзаде ханым Қазақстан елшілігінің Тәуелсіздік күніне арналған қонақасында

 

Назлы ханым «Абай жолы» романының орыс тіліндегі 1600 беттік нұсқасын 1 жылдың ішінде аударып біткен. Pars Today ақпарат сайтына берген сұхбатында романның өзіне ұнағанын айтты. Ол «Кітап жақсы қабылданбады. 23 жылдан бері қайта басылып шықпады» деп өкпесін білдірді. Басқа бір баспа романның атын «Қазақтар» деп өзгертіп, Ирандағы діни қағидаттарға сәйкес мәтінді аздап қысқартып басып шыққан екен. Бірақ Назлы ханым бұл нұсқаны жақтырмай, «Романның атауын өзгертпеу керек еді» деп отыр.

2 томдық «Абай жолы» кітабы Иранның «Важе Ара» баспасында 1000 дана болып жарық көрген. 1-том – 888 бет. 2-том – 792 бет. Өкінішке қарай, 23 жылдан бері қайта басылып шықпаған.

Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романы парсы тілінде

 

Қорытындылай келгенде, «Абай жолы» романының парсы тіліндегі нұсқасы өз кезінде ескерілмей қалған. Ғаламтордың да аса дами қоймаған кезі болатын. Сол себепті ұмытылып кеткен. Ал енді қайта таныстырып, жарнамалап, тарататын кез келген сияқты.

Биыл Абайдың 175 жылдығын тойлап жатқан Қазақстан Абайды әлемге, соның ішінде Иран халқына таныстыру мақсатында Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының парсы тіліндегі нұсқасын қайта бастырып, таныстырылымын өткізсе, игі болар еді.

 

Сұхбаттасқан

Омарханова Гаухар Жұмағазықызы, аудармашы